Түркістан облысында қожайынның сеніміне кірген малшы 155 қойды сатып жіберген

368

Фото: pixabay.comТүркістан облысында қойшы бөтеннің алты миллион тұратын малын ысырап етіп, жоқ қылған.
Басылым мәліметінше, Келес аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданы тұрғындарының бірі арызданып келген.
 

Ол өз арызында, 2018 жылдан бері Келес ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты қырлы жайылым жерде орналасқан мал қорасындағы қойларын Жетісай ауданының тұрғынына сеніп тапсырғанын келтірген.

 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың қаңтары аралығында мал басын түгендеп, арнайы екпесін салдыруға келгенде шопанның әрқайсысы 40 мың теңге болатын 155 бас саулық қойын жасырын жымқырғанын байқапты. 

Тұрғынның сөзінше, малшының келтірген материалдық шығыны алты миллион теңгеден асады. 

Аталған жайт қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету)" бойынша тіркелген. 

Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында, күдікті қойшыны қолға түсірді.
Тәртіп сақшыларының дерегінше, шопан мал бағып жүрген жылдардың соңғы үш айында сеніп тапсырылған қойлардың бір бөлігін "жоқ қылған". Ер адамның күнде 3-4 қой сатып отырғаны анықталды.
 

Ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағаны да айтылды. 

Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толығымен мойындап отыр.

 Бүгінде бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.