Айгүл Елшібаева орамалды хиджапқа айналдырғандарды сөкті

504

Фото: Айгүл Елшібаева жеке сурет қорыАйгүл Елшібаева қазақтың жаулық, кимешегін "хиджап" деп атағандармен ашық тайталасқа түсіп жүр. Айтуынша, "хиджап" сөзін қазаққа жат санап, қабылдамағандығынан әлеуметтік желіде өзі туралы "мүлде орамалға қарсы" деген жел сөз тарап кеткен. Әнші өзін ислам дініне қарсы қойғандарға күйінішін жеткізіп, қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдердің киімі жайында сөз қозғады. 


- Өткенде Діни басқарманың орамал тағуға қатысты пәтуасын сынға алғаныңыз желіде шу болды. Онда сіз әйелдердің киімін "хиджап" деп атауға қарсы шықтыңыз ғой?


 - Иә, ол жазбамда Мұсылмандар діни басқармасының сайтынан көргенімді жаздым. Сонда діни басқармада хиджапшыл, араб дәстүрін насихаттайтын адамдар отырғаны ма деп таңғалдым. 


Олар "Азхаб" сүресінің 59-аятын мысалға келтіріп, онда жилбәп (жамылғы) дегенді "Хиджап" аяты деп пәтуа жасапты. Хиджап аяты деген құранда аят жоқ, өтірік пәтуа жасағандарына жол болсын. Құранда Жилбәбі -жамылғысы десе де, ол жерде хиджап деген сөз жоқ болса да, бәріміз араб дәстүрін қолдап араб ұлтының хиджабын киюіміз керек пе?
 Біздің жилбәбымыз, яғни жамылғымыз ол - орамал, жаулық, кимешек. Әр мұсылман ұлттың шариғатына сай киім атауы бар.


 Мақаланың басы орамал деп тәп-тәуір басталып, артынан хиджап кию парыз деп аяқталған. Осылайша араб дәстүрін насихаттап отыр.


 Орамал, кимешек ол - хиджап деп, хиджап киіп елдің басын қатырып, мұсылман қазақты адастырмауын талап етемін. Хиджап деген қазақта сөз жоқ! Мұсылмандар діни басқармасындағы әйелдерден қазақтың кимешек киген ұстазын көрсем көзім шықсын. 
Қазақтың "орамал" деген сөзін айтса, аузы түсіп қалатындай... 


- Орамал тақырыбын әлеуметтік желіде жазып, зерттеп, басты тақырып етіп жүргеніңізге көп болды. Соңғы жазбаларыңызды орамалға арнауға не себеп? Оқырмандарыңыз: "Сізге күнде хиджап киетін қыздар жазып мазалай ма?" , - деп сұрақ қойыпты... 


- Орамал тақырыбын 2014 жылдан бері айтып келем. Жылда оқырмандарымның есіне салып, қайта-қайта жазып жүрмін. Оның үстіне орамалдан безген хиджапшыл қыз-келіншектер мені адасқан деп тарата бастапты. Олар парақшама фейк аккаунтпен кіріп, оқып, дайректке маған "адасқансың, хидаят берсін" деп, аузына келгенін құсып кетеді. 


"Теке сақал қырма мұрт, Ел түбіне сол жетер", - деген Мәшһүр Жүсіп әулие біліп айтқан екен. Әуелі тіліңді "Аллаһ","Ухти", "Хиджап" деп арабтандырады, содан киіміңнің атауын өшіреді екен. Кимешек пен орамалды "хиджап" деп миыңды ағызады. 
Сіздің мұсылманшылығыңызға күмән келтіретіндерге не дейсіз? 


Жақында қазақтың ұлттық өнерінен хабары жоқ, әнші-жыршысын айыра алмайтын, мені ақын деп отырған біреу "хиджапты дұрыс емес" деген сөзімнің аты-тонын теріс айналдырып, "орамалға қарсы шықты" депті. Оған әрине, айтарым бар. Күмәнді, белгісіз бір сайттан көрген қара никабтағы біреуді менің концертте түскен суреттеріммен салыстыра келіп, менің иманыма күмән, сын келтірген екен. 


Менің ислам дінінен сауатымды ашқан - қазақтың жыраулық өнері өкілдерінің жыр-термелері. Себебі сол терме-жырлардың авторы Бұхара, Хиуада оқыған қазаққа белгілі Бұхар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағанбет, Кердері Әбубәкір сынды, Көкалташ медресесін, МирАраб университетін бітірген сопылықтағы Шариғат, Тарихат, Мағрипат, Хақиқатты таныған ишан-ахун молдалар. 


Тағы да айтам, орамалы, кимешегі бар қазаққа хиджап керек емес. Оны тықпаламасын. Қазақтың киімі шариғатқа сай, хиджапқа зәру емес. Шариғаттағы қазақтың түркілерден келе жатқан киім үлгісінде ешқашанда хиджап атауы болмаған. Ол қазақтың ұлттық киімі емес. Хиджаптан қызы қайсы, келіншегі, қатыны, кемпірі қайсы, айыра алмай қалдық. Сәбиге ақ орамал кигізетіндей, туа сала ол келін бе?