"Тағы да өзбек ағайынға телміреміз": Олимпиаданың көрсетілмейтінін естіген жанкүйерлер басшыларды сынға алды

355
Үш күннен соң әлем халқы бес жыл күткен Токиодағы Олимпиада ойындары басталады. Алайда, қазақстандық телеарналар Олимпиаданың тікелей трансляциясы көрсету құқығын әлі сатып алмаған. Мұны естіген жанкүйерлер мен желі қолданушылары келісімге келе алмаған отандық арналарды сынап жатыр.

Айта кетелік, бұған дейін «Қазақстан», «Қазспорт» және «Хабар» арнасы Олимпиаданы көрсету құқығын сататын компаниямен келісімге келе алмағанын айтып, хабарлама таратқан болатын. Мәліметке сәйкес, олар 7,5 миллион доллар тұратын Олимпиаданы тарату құқығына қол жеткізе алмай отыр. 


Арнаның ресми хабарламасында жазғы Олимпиаданы көрсету құқығы бұрынғы ойындармен салыстырғанда 123 пайызға көбейгені баяндалған. 


Осы орайда, Facebook қолданушылары жазғы ойындарды көре алмайтынына өкініш білдіріп, жазба қалдырды. 


«Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз демекші, 2000 жылдары да олимпиаданы үйде жатып көрдік қой. Дамыған 30 елдің қатарына кіруге құтақандай қалғанда неге сонша тарығып қалдық и? Әлде ақшаның бәрін танк шығаратын зауыт құрылысына салып жіберді ме? Мемлекеттен миллиардтап ақша алатын Қазақстан корпорациясында Токиодан трансляция тарататын қаржы жоқ деген қисынсыз әңгіме ғой. Әлде әбден халыққа иек артып алған үкімет, көрермен асарлатып ақша жинап берер деп үміттеніп отыр ма екен. Бәлкім Маңғыстауға шөп жинаған сияқты, олимпиаданы көрсету құқығын сатып алуға да өзіміз болып скидываться етейік. Шығыс Түркістаннан келген қандастардың тілімен айтқанда, бейшара басшыларға жардамдасып жіберейік», - деп жазды журналист Диас Нұрақын. 
«Токио олимпиадасы трансляциясының ақшасын кімнің Каспи голдына жинаймыз? "Қазақстанда" ақша жоқ екен. Өзіміз бірдеңе қылайық та?!», - деп жазба қалдырды Facebook қолданушысы Оңғар Қабден. 


Қазақстан Олимпиада ойындарының тікелей көрсетілімін көре алмайды. Бұл нағыз құлдырау! Мен отандық телеарналарда жұмыс істейтін біраз адамдарды білемін. Бірақ бұл жердегі кінә басшылықта жатыр. Олимпиадада алтынсыз қалсақ та, көрермендер Олимпиаданың тікелей көрсетілімін көруі тиіс», - деп жазды спорт журналисі Данияр Кәрімжан. 


«Олимпиада ойындарын өзбек ағайындардың телеарналарынан көретін болдық па? Азия ойындарын да солардың арналарынан жап-жақсы көріп шыққанбыз. Миллиардтаған ақша құятын «Хабар», «Қазақстан», «Қазспорт» арналары Олимпиада ойындарын көрсете алмайды».