Жазушы Шархан Қазығұлдың "Күлпет" атты жаңа романының тұсауы кесілді

1 887
ҚР Ұлттық кітапханасында жазушы Шархан Қазығұлдың "Күлпет" романының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.⠀


"Күлпет" романы Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап қазіргі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттейді. Роман туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар арқылы бүкіләлемдік сұрақтарға жауап іздейді.⠀

Іс-шараны "Азияның Шығармашылық Богемиясы" бірлестігінің жетекшілері Гүлнара Жандыбаев және Алма Нутушова құттықтау сөзбен ашты.⠀

Шарада мемлекет және қоғам қайраткері, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Бердібек Сапарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Смағұл Елубай, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Досхан Жолжақсынов "Күлпет" романы жайлы өз пікірлерімен бөлісіп, кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.⠀

Шығармашылық кездесуде "Күлпет" романының авторы Шархан Қазығұл, Mecenat.kz әдеби байқауының құрылтайшысы Ерлан Асқарбеков, "Kitapfest" кітап фестивалін ұйымдастырушы Бекнұр Қисықов, сөз сөйлеп, алдағы жоспарлармен бөлісіп, осы жобаларды ұйымдастыруда қолдау көрсеткен әдебиет жанашырларына алғыстарын жеткізді.⠀

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері Шархан Қазығұлды арнайы құттықтай келіп, әсем әнмен шашу шашты.⠀

Шара соңында ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына ризашылықтарын білдіріп, алғыс хат табыстады.⠀