Мереке күні театр ұжымы марапат төріне шықты

243

Қызылордада халықаралық театр күні мерекесіне орай "Сахна әлемі" атты шығармашылық кеші өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов театр ұжымын төл мерекесімен құттықтап, өнер саласына еңбегі сіңген біршама қызметкерлерді облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған II халықаралық «TEATPALL» театр фестивалінде өнер көрсеткені үшін «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаевты арнайы құттықтады.


Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова басқарманың Алғыс хатымен театр қызметкерлерін марапаттаса, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының, Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен театр артистері мен қызметкерлерді және “Еңбек даңқы” төсбелгісін Жанмұратова Кулаш Дүйсенқызына табыстады. Сонымен қатар облыстық Кәсіподақ ұйымының Алғыс хаты, “Ең үздік көрермендер”номинациясы, «Ең үздік театр өнерін насихаттаушы» номинациялары табысталды. Жыл бойына тынбай еңбек етіп, “Үздік қызметкер” номинациясымен Мирамбек Әбілахұлы, Ләззат Жұбандыққызы, Дина Михатқызы,Қайрат Темірханұлы,Нұржан Ұзақұлы, Асқар Қайратұлы марапатталса, «Үкілі үміт» номинациясымен Ердаулет Мамуов, Нұрсейіт Сыздықбаев марапатталды. “Екінші пландағы жыл актері» номинациясымен - Жүзбай Санат марапатталса, “Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясы Байдалиева Айгүлге табысталды. «Эпизодтық табысты ер бейнесі үшін» номинациясымен Қуаныш Құрманбеков марапатталса, “Эпизодтық табысты әйел бейнесі үшін» номинациясы Аягөз Дүйсенқызына табысталды. Ал, “Балалар қойылымындағы табысты ролі үшін” номинациясымен Ерден Нұрбек, «Жылдың актерлік дуэті» номинацияларымен - Әзімтай Әзидолла және Еркінова Жауһар, «Ең үздік қойылым жасағаны үшін»– Төреәли Нұрсұлтан марапатталды. «Жыл жаңалығы» - Анураг Кашьяптың «Кім?» мистикалық трейлері, режиссері Архабаев Қанат,Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасындағы Темірбек Жүргенов ролі үшін «Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлде» Әбдразақов Сырым. «Жыл актері» -Шегебаев Аманжан «Жыл актрисасы» - Кенжеәлі Зарина Асылбекқызы марапатталды. Театр ұжымының еселі еңбегі еленіп, жыл бойы сахналанған 11 жаңа қойылымдар бойынша сараланды.


Ал, Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Халықаралық театр күніне орай Жастар театрының ұжымы “Олимптің күйреуі” мифологиялық драмасын көрермен назарына ұсынды.


Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қатысты.


Жалпы, өнер атаулының ішіндегі шоқтығы биігі – театр өнері. Театр адам баласының жан дүниесін байытып, ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен қиянат сынды қасиеттердің ара жігін ажырата білуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойындағы мәдениетті дамытуда театрдың рөлі айрықша.



"Жастар театры ұжымын алғаш үйірме ретінде ашылған сәтінен жақсы білемін. Театр мәселесінің ең жанды жері – репертуар болса, өнер ұжымы бұл күнде түрлі жанрмен жарақтанып, шырқау шыңдарға беттеп барады десем қателеспеймін", – деді Ж.Сейілов.


Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов белгілі өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов бастаған Жастар театры ұжымына шығармашылық табыс тіледі.


Қала әкімінің орынбасары театр артистерін кәсіби мерекемен құттықтап, облыс, қала басшылығының арнайы Алғыс хаттарын табыс етті.


Ал, Қазалы ауданында 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Театр – өмір айнасы» атты драма ұжымдарының аудандық фестивалі өтті. 


Аудандық театр ұжымдары фестиваль нәтижесі бойынша Абай ауылындағы №90 мектеп оқушылары жүрек жылытар «Дауыл әкелген дәрігер» атты көрінісін сәтті сахналап, «Үздік қойылым» номинациясын иеленді.  Ал «Үздік режиссер» номинациясы Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің драма үйірмесінің режиссері Ляззат Тәңірбергеноваға бұйырса, «Үздік әйел бейнесін» Түктібаев ауылынан келген Назерке Дәулетжанова иеленді. Сонымен қатар, Жалаңтөс батыр ауылының өнерпазы Ербол Ізтілеуов «Үздік ер адам бейнесін» қанжығаласа, өркендеулік Болатбек Рсалы «Үздік актерді» алды. Басқа да, «Ең жас актер» мен «Көрермен көзайымы» бағамы басықаралық Нұрсат Қожабаев пен Бекарыстан би ауылынан келген Шерхан Тілеуназарға бұйырды. 


Рухани азыққа қаныққан жұрт көңілі көншіп, сахна төрінен орын алған марапат иелері ыстық ықылас пен ду қол шапалаққа бөленді.


Айтулы датада ауданда «Абай» қойылымы сахналанды. Қазалылық көрермендер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы желісіндегі қойылымды тамашалады. Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің оқушылары сахналаған спектакльге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов арнайы барды.


Қойылымда дала кемеңгерінің ақындық әлемін қамти отырып, сол заманның бет-бейнесін ашып көрсетілді. Сондай-ақ, Абай рухының ұлылығы мен талантының сан қыры асқан шеберлікпен бейнеленді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, тіліміз бен дінімізді берік ұстауды дәріптеді. 


Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сахнада жан-дүниесімен беріліп ойнаған оқушылардың актерлік шеберліктеріне риза болып,  ауылдан осындай өнерлі өрендердің шығып келе жатқаны қуантатынын жеткізді. Халыққа ерекше көңіл күй сыйлаған өнерпаздарға аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Алғыс хатын табыстап, шығармашылық табыс тіледі.