Қазалы ауданы «үлгілі елді мекен» байқауында «үлгілі аудан»номинациясы бойынша ІІ орын иегері

1 427

Фото: Қазалы аудан әкімдігіЕңбек күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шара өтті. Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, еңбек адамын ұлықтауға бағытталған дәстүрлі мерекелік кеш барысында «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Әйтеке би кенті — «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша жүлдегер

Биылғы байқауда «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша Қазалы ауданы екінші орынды иеленді. Бұл марапат — аудан көлеміндегі елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау, тұрғындар белсенділігі мен жергілікті бастамаларға қолдау көрсету бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

Аудан орталығы Әйтеке би кентінің осындай жоғары дәрежеге ие болуы — әкімдік пен тұрғындардың бірлескен еңбегінің жемісі.

Сыйлық ретінде ауданға 3 арнайы техника табысталды:

  • Қалдық тазалаушы көлік
  • Ассенизатор машинасы
  • Жер қазатын трактор

Бұл техникалар алдағы уақытта Қазалы ауданының коммуналдық қызметін жақсартып, елді мекендердің санитарлық жағдайын көтеруге септігін тигізбек.

Бозкөл ауылына 15 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау

Сонымен қатар, тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдарды дамыту мақсатында Қазалы ауданына қарасты Бозкөл ауылдық округіне 15 миллион теңгенің арнайы сертификаты табысталды. Бұл қаражат ауыл ішіндегі абаттандыру жобаларын жүзеге асыруға, яғни көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, қоғамдық орындарды ретке келтіру сияқты жұмыстарға жұмсалмақ.

Облыс әкімі еңбекті ұлықтауға шақырды

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол «Еңбек – елдің еңсесін көтеретін, мемлекеттің іргесін нығайтатын басты құндылық» екенін жеткізіп, елді мекендер мен аудандардың тазалығы мен дамуы — сол жердің тұрғындары мен жергілікті биліктің ынтымақты еңбегінің көрсеткіші екенін айтты.

Қазалы ауданының «Үлгілі аудан» ретінде марапатталуы — өңірдің даму қарқынының артып, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған бастамалардың нәтижесі. Мұндай байқаулар тек бәсеке емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу мен ынталандырудың тиімді құралы болып отыр.