Елімізде курсанттар туралы сериал түсірілуде
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай болашақ офицерлердің күнделікті өмірі туралы телехикаяның түсірілімі басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтем жасап.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Құрлық әскерлерінің әскери институтында болып, болашақ офицерлер туралы телехикаяның түсірілім барысымен танысып, шығармашылық ұжымымен кездесті.Бір апта бұрын басталған түсірілім екі айға созылады. Телехикаяны түсіру жұмыстары 55 күнге жоспарланған. Фильм 42 минуттық, 20 сериядан тұрады. Телехикаяның премьерасы 2024 жылдың басында отандық телеарнада өтпек. Сериал Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Кинокартинадағы қимылдар Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді. Сюжетте көбіне офицер болуды армандайтын курсанттарды көреміз. Әскери адамдардың өміріне арналған көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалады. Әрине махаббат хикаяларын да айналып өтпейді.
Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 50 жылдан астам тарихы бар. Әскери институт осы жылдар ішінде мыңдаған офицер кадрларды дайындап шығарды. Оның алғашқы түлектерінің қатарында Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бар. Қорғаныс министрі де осы әскери оқу орнының түлегі екенін айта кеткен жөн.