Биыл Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына – 205 жыл

1 497

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев пен бас дирижер Абылай Тілепберген Ұлттық домбыра күні мен халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы қарсаңында бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Осы жылды біз Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығын мерекелеуден бастадық. Ұлттық және әлемдік классика туындылары, сондай-ақ музыка шебері, халық композиторы Құрманғазының үздік туындылары орындалған ауқымды концерт ұйымдастырылды. Әрбір ұйымдастырылған іс-шара Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы мен ұлттық оркестрдің 90 жылдығын мерекелеу аясында өтіп жатыр», – деді Медет Қуанышев.


Оның айтуынша, концерттік маусымды шығармашылық ұжым Италияда бастады. 


«Біз 90-шы маусымды Римдегі (Италия) халықаралық гастрольдік концертімізбен аштық. Римнен басқа біз Неаполь мен Флоренция қалаларына бардық. Жергілікті көрермендер қазақ музыкасының ерекше дәміне тәнті болып, жылы лебізі мен құттықтауын білдірді», - деді ол.


Ұлттық домбыра күнінде (биыл 2 шілдеде атап өтіледі) оркестр республика астанасында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысады. Оркестр ұжымындағылар екі мерейтойды ескере отырып, арнайы қойылымдар дайындалатынын атап өтті.


«Биыл Домбыра күніне арналған концерттік бағдарлама Құрманғазы атындағы оркестр мен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық оркестрінің қатысуымен өтеді. Көрермендер елімізде танымал дирижерлердің жетекшілігімен танымал әртістердің, соның ішінде Айтқали Жайымов, Дінзухра Тілендиева, Руслан Баймурзин және басқалардың өнерін тамашалай алады. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі солақай домбырашылардың өнер көрсетуі болады. Өйткені әдетте бұл аспапта оң қолмен ойнайды. Сондай-ақ Халық әртістері Секен Тұрысбеков, Ерлан Рысқали және Айгүл Қосанова өнер көрсетеді деп жоспарланған», - деді оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепберген.


Сонымен қатар, шығармашылық ұжым алғашқы ұлттық оркестрдің тарихын баяндайтын бірқатар бейнематериал мен кітап шығаруға ниетті.


«Біз оркестрдің ғасырлық тарихын әртүрлі бейнематериалдарда, кітап басылымдарында түсіріп, оркестрдің бүгінге дейінгі даму тарихы жайлы айтып бергіміз келеді. Бастауында тұрған музыканттармен, дирижерлермен таныстырсақ дейміз. Қазір біз мұрағаттық материалдармен жұмыс істеп жатырмыз. Концерттік өмірден бос уақытты осы жұмысқа арнаймыз», - деді спикер.


Айта кетейік, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов құрды. Ұжымда бүгінде 90-ға жуық музыкант өнер көрсетеді. Олардың репертуарында 4 000 туынды бар.