Абай облысында көне дәуір пирамидасы табылды
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археолог-ғалымдары Еуразия даласында кездеспейтін ірі көлемдегі қола дәуірінің дала пирамидасын тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2014 жылдан бастап ЕҰУ Тарих факультеті археология және этнология кафедрасының ғалымдары Абай облысы Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүңгір кешенді ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Оған университет студенттері мен магистранттары атсалысқан. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия даласында кездеспейтін ірі көлемдегі біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің дала пирамидасы табылды.
«Дала пирамидасы өте дәлдікпен салынған, алты қырлы. Әрбір қырының арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңбері бар. Бұл – өте күрделі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғаларында әртүрлі жануардың, әсіресе жылқының суреттері басым бейнеленген. Сонымен бірге түйенің де бейнелері бар. Қазбадан табылған мәліметтер, қыш ыдыстар, әйел адамның алтын сырғасы және тағы басқа әшекей бұйымдар осы қола дәуірінің үлкен көне дәуірде мәдениеті, ошағы болғанын көрсетеді. Бұл, яғни сол кезеңнің өзінде жылқы культінің өте жоғары болғанын сол тас құрылыстың айналасындағы жылқы сүйектерінің табылуы дәлелдеп отыр», – дейді тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев.