Биыл елімізде Өзбекстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады

2 522

Фото: Солтан ЖексенбековБиыл елімізде Өзбекстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Бұл туралы елордада Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі брифингте Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Экономикалық және сауда қатынастары біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бағыттары саналады. Қазақстан - біздің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіміз. Соңғы жылдары өзара тауар айналымы екі есе өсті. Көп ұзамай біз бұл көрсеткішті тағы 2-3 есе арттыру жолдарын талқыладық. Өткен жылдың қараша айында Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл, өз кезегінде, қосылған құн тізбегін құру арқылы жаңа нарықтарды бірлесіп ашуға және оларға бәсекеге қабілетті өнімді экспорттауға мүмкіндік береді», - деді ол.


Оның атап өтуінше, екі елдің көлік және транзиттік әлеуетін арттыру - алдыда тұрған өзекті міндеттердің бірі. Сондай-ақ, шекаралас өңірлерде орналасқан өткізу пункттерін жаңғырту, олардың өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, кедендік және басқа да қызметтерді цифрландыру мәселелері де бар.


«Баршаңызға белгілі, климаттың өзгеруі аясында су ресурстарын пайдалану мәселелері басымдыққа ие болуда. Сондықтан Орталық Азиядағы трансшекаралық өзен суларын ұтымды басқаруда заманауи технологияларды енгізуге, Халықаралық Аралды құтқару қорының құқықтық және құрылымдық негіздерін нығайтуға баса назар аудардық», - деді өзбек министрі.


Сонымен қатар ол мәдени-гуманитарлық байланыс өзбек-қазақ қатынастарының негізі саналатындығын, өткен жылдың маусым айында Өзбекстанда қазақ мәдениетінің күндері салтанатты түрде аталып өткенін айтты.


«2024 жылы Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндерін ұйымдастырамыз», - деді Бахтиёр Саидов.