Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылғы пітір садақа мөлшерін белгіледі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айында пітір садақа мөлшері қанша болатынын бекітті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.
2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтағы орташа бағамен есептеліп, төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 келі – 341 теңге.
Ұн 2 келі – 640 теңге.
Арпа 4 келі – 701 теңге.
Мейіз 2 келі – 5745 теңге.
Құрма 4 келі – 8536 теңге.
ҚМДБ мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге болып белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.
Еске сала кетейік, былтыр пітір садақа мөлшері 535 теңге болған.
Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеледі. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.