Нью-Дели қаласында Абайдың бюсті қойылды

463
Үндістанның Нью-Дели қаласында Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бюсті  салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстаннан делегацияны премьер-министрдің орынбасары Бақыт Сұлтанов бастап барған.


Абай — ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы — біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық,— деді Бақыт Сұлтанов.


Ол Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты.

Мәселен, Абайдың "тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақтық" деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді Махатма Ганди де бағалаған,— дейді вице-премьер.


Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.