Музей саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

2 502

Музей саласын дамытудың бірыңғай заманауи тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір Музей саласын дамытудың бірыңғай заманауи тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр. Онда тақырыптық музей қорларын цифрландыру, экспозициялық залдарды жаңарту, интерактивті және тақырыптық музейлерді дамыту, жас ұрпаққа ұлттық тарих пен мәдениетті тиімді насихаттау шаралары қамтылатын болады. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы «Руханият орталықтары» тәжірибесі тұжырымдама жобасы аясында қаралып, пысықталады. Жалпы Үкімет қабылдайтын барлық шара Қазақстан Республикасының жаңа Конститутциясының ережелері аясында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау құндылықтарын іс жүзінде іске асыруға бағытталған, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Музейлердің интернет-ресурстарын үш тілде сапалы контентпен толықтыру, терминологиялық бірізділікке сәйкес жаңарту және онлайн-қолжетімділікті арттыру бойынша нақты шаралар іске асырылып жатыр. 

Бұл ретте елімізде мәдени контент ұсынудың жаңа сапалы деңгейін қалыптастыратын «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» - «E-museum» веб-порталы жұмыс жасауда. Онда Қазақстанның 284 музейі туралы мәліметтер, 15 музейдің 3D виртуалды турлары, 700 экспонаттың 3D модельдері, Мемлекеттік музей қорының каталогына 66 мыңнан астам экспонат бойынша ақпарат жүктелді. Аталған жүйе музей қорын орталықтандырылған түрде толық есепке алуға, оның ішінде алтын бұйымдарды тіркеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу процестерін тиімді ұйымдастыруға, музей қызметін автоматтандыруға, экспозициялар мен қорларды басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.