2025 жыл Қазақстан мәдениеті үшін табысты кезең болды

2 528

Фото: АқордаБиыл Қазақстанның мәдениет саласындағы жетістіктері айрықша нәтижелермен ерекшеленді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Соның бірі – Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығының ашылуы. Бұл орталық өнерді, тілді және мәдени алмасуды дамытуға бағытталған ірі алаңға айналып, ұлттық мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға жол ашты. Қысқа уақыт ішінде орталыққа 2000-нан астам адам келіп үлгерген. Мұнда көрмелер, білім беру және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған бастама Мемлекет басшысының мәдени дипломатияны күшейту жөніндегі тапсырмасымен толық үндеседі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

2025 жылғы маңызды мәдени оқиғалардың қатарында көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын ерекше атап өтуге болады. Бұл атаулы дата ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілді. ЮНЕСКО композитордың қазақтың дәстүрлі музыкасын фольклорлық мұрамен және заманауи бағыттармен шебер ұштастыра білген шығармашылығын жоғары бағалады. Бұл – оның әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесінің айқын дәлелі.

Сондай-ақ биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Италияның Рим қаласында ұлы ойшылға арналған ескерткіш орнатылды. Бұл бастама Италия жұртшылығының назарын аударып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Ал Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылып, қазақ ойшылының ортақ рухани тарихтағы орны айқындала түсті.

Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ салтанатты түрде ашылды. Бұл жоба Қазақстан Президентінің Арменияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.

Тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Бұл ескерткіш екі ел арасындағы әдеби және рухани байланыстардың символына айналды.

Биыл Ақтау қаласына Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі берілді. Осы мәртебе аясында қалада жиырмадан астам елден келген мәдениет өкілдерінің қатысуымен фестивальдер, көрмелер, конференциялар мен түрлі шығармашылық жобалар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, 2025 жылы Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері өткізілсе, елімізде Вьетнам мәдениетінің күндері ұйымдастырылды. Мұндай халықаралық шаралар мәдени байланыстарды нығайтып, Қазақстанның шығармашылық әлеуетіне деген қызығушылықты арттыра түсті.

Театр өнері саласында да айтарлықтай жетістіктер байқалды. «Астана Опера» театрының шетелдік гастрольдері көрерменнің жоғары сұранысына ие болып, қойылымдар аншлагпен өтті. Театр әртістері әлемнің беделді сахналарында өнер көрсетіп, жоғары баға алды. Соның ішінде Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдегі ең беделді опера жобаларының бірі – Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына байқау арқылы қабылдануы отандық өнердің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.