Кез келген адам фильм түсіре алады: жасанды интеллект әлемдік киноиндустрияны қалай өзгертеді
AAIFF фестивалінің негізін қалаушылардың бірі әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн 2026 жылғы 14 қыркүйекте жасанды интеллектінің киноиндустрияға ықпалы, авторларға беретін мүмкіндіктері және AI-фильмдердің дәстүрлі кинематографты алмастыру ықтималдығы туралы айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
БАҚ өкілдері жасанды интеллект киноиндустрия мамандарын жұмыссыз қалдырып, контент сапасын төмендетуі және күтілген үнемді қамтамасыз етпеуі мүмкін деген қауіптің қаншалықты орынды екенін сұрады. Сондай-ақ оның кинематографқа беретін нақты мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.
"Кино – ойын-сауықтың бір түрі ғана. AI-фильмдер дәстүрлі кинематографты толығымен алмастырады деп ойламаймын. Ол қысқаметражды фильмдер мен сериалдар секілді өзіндік форматтарын қалыптастыруы мүмкін. Кезінде театрмен болған жағдай сияқты дәстүрлі киноның саны азаюы ықтимал. Алайда сол кезде театр қойылымдарының сапасы жақсара түсті. Кинематографта да осыған ұқсас өзгеріс болады деп ойлаймын. Дәстүрлі кино сақталады және, бәлкім, пленкаға түсіру секілді классикалық форматтарға көбірек бет бұрады. Ал жасанды интеллект көмегімен әзірленетін жылдам контент қарқынды дами береді", – деді Айзатулла Хуссейн.
Оның пікірінше, бұл бағыттар қатар дамиды: кей жағдайда бір-бірінен тәуелсіз болса, кейде бір жоба аясында тоғысады.
"Ең үлкен өзгеріс – контент жасаудың баршаға қолжетімді болуы. Біздің фестивальге туынды ұсынғандардың басым бөлігі – жеке авторлар. Яғни шағын елді мекенде тұратын қарапайым жігіт идея ойлап тауып, компьютер алдына отырып, миллиард доллар табыс әкелетін фильм жасай алады. Бұл – тек бастамасы. Ең бастысы, енді идеясы бар кез келген адам оны жүзеге асырып, бүкіл әлемге көрсете алады", – деді спикер.
AAIFF фестивалінің негізін қалаушылардың бірі әрі басқарма төрағасы Алмас Жәлі де әзірге дәстүрлі Голливуд киносымен бәсекелесу өте қиын екенін атап өтті.
Дегенмен жасанды интеллект авторларға өз оқиғаларын әлдеқайда жылдам әрі аз шығынмен дербес жасап, бүкіл әлемге ұсынуға мүмкіндік береді. Енді оларға өз идеясын басқа біреудің өзіндік көзқарасымен жүзеге асыруын күтудің қажеті жоқ.
Қаз
Рус






