Абайдың рухани мұрасы – ұрпақ санасындағы темірқазық
Қармақшы ауданында қазақтың ұлы ойшылы, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты аудандық танымдық конференция өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аталған тағылымды шара Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында ұйымдастырылып, ел руханиятына серпін берер маңызды басқосуға айналды.
Абай мұрасы – ұлттық руханияттың алтын діңгегі
Конференцияны Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Абай мұрасының қазақ руханиятындағы орны мен бүгінгі қоғам үшін маңызын терең тарқатып, ақынның даналығы мен парасатын насихаттаудың ұлттық құндылықтарды сақтап, ұлт санасын биіктету жолындағы маңызын атап өтті.
«Абай мұрасы – мәңгілік. Ол тек өткеннің емес, бүгіннің де, болашақтың да темірқазығы. Абайды тану – өзіңді тану. Ұрпақ тәрбиесінде осындай тұлғалардың өнегесін кеңінен насихаттау – ортақ міндет», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Абайды тану – адамзатты тану
Шара барысында ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Дастан Нәзікбаев «Абай – тұлға» тақырыбында баяндама жасап, білім мен парасат ұғымдарының өзара байланысын терең саралады. Ол Абай шығармаларындағы адамгершілік, әділет, білім мен ғылымға деген көзқарастардың – ұлттың өркениеттік дамуына қосқан баға жетпес үлес екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектептің директоры Ғалымжан Кәрібаев «Абай – қазақ тарихындағы ұлы тұлға» тақырыбында сөйлеп, Абайдың поэзиясы мен философиясының қазіргі заманғы тәлім-тәрбие және білім беру үдерісіндегі рөлін ашып көрсетті.
Қоғам және Абай мұрасы
Жиында Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз сөйлеп, Абай шығармаларындағы еңбек, білім, адалдық сынды ұстанымдарды бүгінгі жастардың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Олар Абай мұрасының қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына ықпал ететінін және жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда таптырмас рухани азық екенін ерекше атап өтті.
Абай рухы – өнермен өрілген
Конференция соңында Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқылып, ақынның әндері шырқалды. Жас өнерпаздар мен мектеп оқушылары Абайға арналған арнау-жырлар мен әдеби көріністерді сахналап, шараға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Бұл көріністер Абай мұрасының ұрпақ жүрегінде өмір сүріп жатқанын көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы шара соңында сөз алып, осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор рухани кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, олардың жүйелі түрде жалғасын табуын қолдайтынын жеткізді.
«Абай әлемі» – облыстық деңгейдегі өнер думаны
Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл танымдық конференция Қармақшы ауданында өткен бірқатар мәдени шаралардың бірі ғана. Осы атаулы күн аясында Қармақшы аудандық мәдениет үйінде «Абай әлемі» атты облыстық өнер байқауы ұйымдастырылып, жас өнерпаздар ақын мұрасын сахна арқылы дәріптеді. Байқау барысында Абай шығармаларын мәнерлеп оқу, ән айту және сахналық көріністер көрсету арқылы ақынның рухани әлемі көпшілікке кеңінен таныстырылды.
«Адамзаттың Абайы» атты танымдық конференция – тек бір күндік шара емес, ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Абай Құнанбайұлының артында қалдырған мол мұрасы – ұрпақ санасын тәрбиелеуде, ұлттық болмысты сақтауда және әлемдік өркениетке қазақ халқының ой-санасын танытуда мәңгілік бағыт-бағдар болып қала береді.