Қызылордалық режиссерлердің танымы биік

2 540

Фото: dzen.ruӨнер атаулыда жүйелі құрылым өзекті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Шығарманың мән-маңызын айшықтау үшін де бас-аяғын күзеп, тігісін жатқызу оңай шаруа емес. Осы орайда талғамға толы талпыныс пен көзқарасы алабөтен режиссер мамандардың кәсіби дағдысы оқырманға қызық көрінері сөзсіз. Сондықтан бүгінгі тақырыпты режиссерлік өнердің өзіне емес, саладағы сабақтастық әрі буындар танымына арнаған жөн секілді.


Алдымен режиссердің сахнадағы салмағына үңілелік. Көп ұғымында аталған сала мамандары қойылымның көркемдік тұтастығын, кейіпкерлердің өзара қатынасын керек арнаға бұратын «сиқыршы» санатында. Бұл шындыққа да жанасады. Себебі білікті режиссер кейіпкердің ішкі-сыртқы бейнесі арқылы саяси-әлеуметтік, азаматтық ұстанымын білдіріп, күрделі мәселелерді ел назарына ұсынуға қауқарлы. Сапалы спектакльдің нәтижесінде аңғара бермейтін оқиға туралы тың түсінік қалыптастырып, өзге әлемге сапар шегуге болады. Оның үстіне режиссер шығармашылық процестен ләззат алып әрі шығарма авторы болса, әсер еселенері анық.


Міне, осындай жан-жақты саланың Сыр бойындағы жүлгесі көңіл аударуға тұрарлық. Алғашқы театр ашылған өңірден небір майталман маман, танымы терең режиссерлер шықты. Ж.Әбілтаев, Р.Андриасян, М.Байсеркенұлы, Е.Оразымбетов, Х.Теміров, Мен Дон Ук, Т.Өтебаев секілді саңлақтар көрермен ықыласына бөленгені елге мәлім.


Ұрпақтар сабақтастығы сақталды ма? Бүгінгі қалып қалай? Аймақтағы жаңа буын режиссерлердің деңгейі қандай? Дәстүрлі режиссерлік мектеп өкілдері несімен құнды? Осы сауал ойға орала береді.


Өңірде қос өнерді бойына жиған әрі ақын, әрі режиссер Оңталап Нұрмахановты білмейтін адам кемде-кем. Біз айтқан дәстүрлі мектептің өкілі қанша жасқа жол көрсетіп, өнердің әліппесін үйретті. Танымы кең таланттарға қолдау білдіріп, Қызылордада театрдың өшпеуіне еселі еңбек етті. Барды ұқсату ғана емес, жаңа леп әкелу үшін де жаңашылдықтан қаймықпады. «Жастар театрын» құрып, өскелең ұрпақ арасында театрға бару мәдениетін қалыптастыруға тырысқанының өзі құрметке лайық.


Білікті маман БАҚ-қа берген сұхбатында өнерге қадам басқан шағын былайша еске алады:


«Бала шақта «Пионер», «Бал­дырған» газет-журналында өле­ңім жарияланып тұрды. Мектеп бітірген соң асқақ арманмен қарашаңырақ – ҚазҰУ-ға оқуға тапсырдым. Алайда жолым болмады. Ол кезде оқуға түсе алмай, ауылға кері қайтқан ең бір соры қайнаған жан саналатын. Ата-анаға да, ауыл-аймаққа қарайтын бет жоқ. Сонымен, қайтадан барып, құрылыс техникумына оқуға түстім. Болашақ құрылысшы болсам да, Мардан Байділдаев, Жарасхан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев сынды ақын-жазушылардың есігін жағалап, әдеби кештерден құр қалмайтынмын. Кейбір шимайымды ағаларыма ұсынып, ақыл-кеңес алып жүрдім. Осылайша алдыңғы буын өкілдерінің ықпалымен өнерге келдім», – дейді маман.


Білікті маманның сөзінше, режиссер үшін қойылым қою оңай емес. Пьесамен актерден бұрын танысып, астарын ұғып көру маңызды екен. Желдіртпе секілді көрінген мәтіннің астарында салмағы ауыр ой болуы мүмкін. Сондықтан жас режиссерлердің мәтінді ұға білуі қойылымды ашатын кілт деген пікірде. Кейінгі жастардың бойынан аталған құндылықты көруге талпынатынын айтқан.


Әрине, ұрпақтар сабақ­тастығы қай са­ланы болсын алға жете­лейді. Алдыңғы буын­ның қателігі мен жетістігі кейінгі ұрпақ­қа бағдаршам іспетті жол нұсқары анық. Қызыл­ордалық жас режиссер Айбек Жолмырза да өзін Сыр бойындағы режиссерлік мектептің өкілі санайды. Тіпті шығармашылық еркіндік тұрғысынан қызылордалық режис­серлердің танымы биік екенін де айта кетті.


«Жас режиссерлер спектакль қою барысында көп кедергіге тап болады. Кейбірі туа бітті қабілетінің жоқтығын байқағаннан режиссурадан бас тартса, кейбірі бойындағы мүмкіндігін дұрыс пайдалана білмегендіктен мамандықтан баз кешіп жатады. Алдыңғысы құп­тарлық болғанымен, соңғылары өкінішке әкеліп соғады. Ал, кейбіреуі дарыны жоқ болса да режиссураның атына бола малданып жүретіндері де жоқ емес. Қалай болғанда да өнерге келген жас буын жаңа формаларды іздену арқылы жаңалық ашып, суреткер ретінде сөзін айтуға дағдыланған жөн. Менің Сыр бойындағы режиссерлерден бай­қай­тын артық­шы­лығым да осы. Олар заман­заманына лайық өнер формасын іздеуге құмар», – дейді ол.


Айбек – сценарист, режиссер ретінде танылып келе жатқан жас. Жастардың сүйікті туындысына айналған «Ұлы дала жанұясы», «Әкесінің баласы», «НяняMan», «Көке», «А4» секілді комедиялық сериал­дарға сценарий құру арқылы кәсіби ортада танылды. Көптеген кино және театр шығар­маларына режис­серлік етіп, білігін арттыруда. Қазіргі уақытта толықметражды фильмге сце­нарий жазу ісіне кіріскен.


«Ал театр саласында жүйелі ізденіс, тұрақты шығарылым бар деп айтуға болатындай. Себебі 2018 жылдан бастап «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының сцеранисі қызметін атқарамын. Қазіргі таңда шығармашылық ұжым қоржынындағы қойылымдар өзіндік бағытын қалыптастырып, мазмұндық ерекшелігін тапты деп ойлаймын», – дейді жас режиссер.


Жаннұр Толағайқызы – режис­серлік дағдыны академиялық тұр­ғыда игерген маманның бірі. ЖОО орнын да кино және театр режиссері мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде жас талант көптеген отандық фильмнің жарыққа шығуына септесіп, кәсіби тәжірибе жинақтауда.


«Кез келген нәрсе ұнатумен келеді ғой, көгілдір экраннан күнделікті көріп жүрген дүниелерімізді қызыға қараумен қатар оның артында кім тұратыны, олардың қалай жұмыс істейтіні мен үшін қашанда қызық болған. Сол дүниелерді жасау процесіне қатысу арманым болды. Әр адамның өз қөзқарасын жеткізуші құралы болады, нақтырақ айтсам, суретші суретпен, композитор музыкамен, ақын өлеңмен дегендей, ал менің құралым кино болғанын қаладым», – дейді маман.


Жаннұрдың сөзінше, ұрпақтар сабақтастығы өнерде де берік орнығуы шарт. Сонда ғана өнердің болашағы берік болмақ. Осы мақсатпен ол  қызылордалық ре­жис­серлер тарихы тақы­ры­бына ден қойып, ілкімді ізденіс үстінде. Алдағы уақытта туған жер туралы толымды туындыны жарыққа шығарып, жергілікті режиссерлердің жолын жалғауға ниетті.


«Нағыз режиссер өзінің шабыты мен қиялынан ғана емес, шығармашылық ұжымның да ой-толғанысынан туындаған көр­кемдік ойлар мен бейнелерді де бір арнаға, белгілі бір шешімге бағыттай білуі керек. Режиссура мамандығының арнайы жа­зылған теориясы жоқ. Тек К.С.Станиславскидің актерлар­мен жұмыс жасаудың тәсілі мен танымал режиссерлердің тә­жіри­белерінен жинақталған ең­бектер мен ой-пікірлер ғана бар. Сондықтан Сыр бойындағы аға буын режиссерлердің шығар­масымен танысып, көкейге түйетін тұсын түртіп жүремін. Бұл – болашақ жобаға жасалған инвес­тиция», – дейді Ж.Толағайқызы.


Режиссура – тек қана көркемдік шешімді ғана емес, үлкен жауап­кершілікті де қажет ететін өте күрделі мамандық. Еліңнің, көрер­меніңнің, ұжымыңның ал­дындағы жауапгершілік. Сон­дық­тан кәсіби білік пен ғасырлық тәжірибе жібін түйістіре білу маңызды. Жас таланттың кем-кетігін тү­гендеп, кемшілігін дұрыстауға аға буынның қауқары жететіні анық. Өз кезегінде жас буын да жаңа сүрлеу салып, дәстүрлі мектепті жауапкершілікпен жал­ғастырарына сенім мол.