Disney киностудиясының "Ойжұмбақ 2", "Моана 2" және "Муфаса: Арыстан патша" фильмдері қазақ тілінде көрсетіледі

2 611

Фото: "Меломан"2024 жылы  Қазақстан кинотеатрларында Disney компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі, Disney компаниясының "Моана 2" шытырман оқиғасы мен "Муфаса: Арыстан патша" көркем фильмі қазақ тілінде көрсетілетін болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


"Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі баяғыдан қалыптасқан үрдіс. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің әртүрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлеп шығарады. Осы нұсқалардың әрқайсысын шығаруға кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны әртүрлі елдерде тұратын көрермендер үшін "жақын" әрі түсінікті қылып шығаратын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар жұмылдырылады", – дейді  Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.


Танымал фильмдердің сүйікті кейіпкерлерінің Қазақстандағы көрермендерімен де бір тілде сөйлеуі біз үшін өте маңызды әрі құнды. 


Биыл жазда кинотеатрларда алдымен Disney мен Pixar түсірген танымал анимациялық туындының көптен күткен жалғасы – "Ойжұмбақ 2" фильмі көрсетіледі (14 маусымнан бастап). 


"Қазақстандық көрермендер ана тілінде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген "Моана", "Көліктер 3", "Коконың құпиясы" және "Арыстан патша" (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз", – деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, "Меломан" компаниясының бас директоры Вадим Голенко.


Disney және Pixar студияларының "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмінде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады.  Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. 


2024 жылға жоспарланған қазақ тіліндегі екінші релиз Мотунуилік Моана жайлы сүйікті хикаяның жалғасы – Disney компаниясының "Моана 2" анимациялық шытырман оқиғасы болмақ (қараша айынан бастап кинотеатрларда көрсетіледі).