3-5 жастағы бүлдіршіндер оркестрі «Дара бала» жобасына шақырту алды

2 524

Фото: Г. БоранбаеваАқтауда 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерден құралған ерекше оркестр көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Кішкентай өнерпаздар өз қолдарымен жасалған ұрмалы аспаптарда ойнап, тыңдармандардың қызығушылығын оятуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл – өңірдегі алғашқы балалар оркестрі. Ұжым екі жыл бұрын құрылып, бүгінде талай жетістікке жетіп үлгерген. Оркестрдің жетекшісі – өңірдің білім беру саласында 10 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Гүлбану Боранбаева. 2024 жылдан бері ол Ақтаудағы «Ай-Наз» балабақшасында музыка үйірмесін жүргізіп, балалардың өнерге деген ықыласын арттырып келеді.

– Балаларға ән айту, ырғақты сезіну, сахна мәдениетін меңгеру сияқты дағдыларды үйретемін. Музыка – тек әуен емес, ол тәрбие мен эмоцияны қалыптастыратын үлкен құрал. Балалар осы үйлесімділікті жүрегімен сезініп өсіп келеді, – дейді ұстаз.

Гүлбану Боранбаеваның айтуынша, әр тәрбиеленушінің дарыны мен қабілеті балабақшаға келген кезден-ақ байқалады. Әнге әуес кішкентайлар аспапта ойнаумен қатар, ән айтуды да меңгеріп жүр.

– Тәрбиешінің еңбегі – баланың қабілетін дұрыс бағыттай білуімен өлшенеді. Әр балада табиғи дарыны мен қызығушылығы бар, ал оны дер кезінде байқап, қолдау – үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Жас оркестрдің жетістіктері де аз емес. Бүлдіршіндер Астанада өтетін «Дара бала» жобасына арнайы шақырту алып, республикалық дарынды балалар байқауында аспаптар номинациясы бойынша ІІ орынды иеленген. Сонымен қатар халықаралық «New Star» байқауында аспапта ойнап, бас жүлдені жеңіп алып, Ақтаудың атын асқақтатты.