Елордада «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме ашылды

433
Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрме ашылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Шараны Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған.

Мұстафа Кемал Ататүрік - Түркия Республикасының негізін қалаушы тұңғыш президент, реформатор, әскери қолбасшы және әлемдік деңгейде танымал тұлға.

Ол 1881 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы 10 қарашада сағат 09.05 минут өткенде өмірден озды.

Содан бері әр жылы дәл осы уақытта Түркия бойынша еске алу рәсімі өтеді. Түркия көшелеріндегі барлық көліктер, жаяу жүргіншілер тоқтап, құрмет көрсетеді.

Бір ай бойы ашық болатын көрмеге Түрік тарих институтының мұражайынан алынған 40 фото қойылды.

Шараға Қазақстан Қорғаныс министрі аппараты басшысының орынбасары, полковник Төлеген Еркінұлы Бөлежанов, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи, Түркия Парламентінің 24 шақырылым депутаты, Юнус Эмре институтының бақылау кеңесі мүшесі Али Өзгүндүз, ғалымдар, Түркиядан арнайы қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.

Қарулы Күштер ұлттық әскери-патриот орталығы әскери оркестрі Ататүрікке құрмет ретінде «Аманкелді Иманов» маршын, ал түрік және қазақ өнерпаздар Ататүрік сүйіп тыңдаған 3 шығарманы орындады.

Қазақстандық жас суретші Альбина Әбенова өзі салған Ататүріктің 2 портретін шараның құрметті қонақтарына тарту етті.


Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы Салоникиде дүниеге келген.


Әкесі Әли Риза Эфенди Османлы мемлекеті кеден басқармасы қызметкері әрі ағаш саудасымен айналысқан, анасының аты- Зүбейде.


Ататүріктің бес бауырының төртеуі жас кезінде қайтыс болады, тек қарындасы Мақбуле 1956 жылға дейін өмір сүрді.
Мұстафа алты жасқа толғанда хафиз Мехмет Эфендидің махалла мектебіне барады. 1893 жылы кіші әскери гимназияға оқуға түседі.


Бұл мектепте математика пәнінің мұғалімі Мұстафа бей оның атына «Кемал» деген атты да қосып береді. 1896-1899 жылдары Манастыр әскери оқуын бітіріп, кейін Ыстанбұлдағы Әскери академияға түседі.
Оны 1902 жылы лейтенант шенімен бітіріп, кейіннен бірнеше әскери жоғарғы оқудың түлегі атанды.
1905-1907 жылдары Дамаскіде 5 армияның қолбасшылығында қызмет етті. 1911 жылы Ыстанбұлдағы Бас штаб қолбасшылығында жұмыс істей бастады.


Ататүрік I Дүниежүзілік соғыс кезінде Османлы армиясының қатарында қызмет еткен.


Ол Чанаккале шайқасы кезінде полковник, Палестинадағы ұрыста 7 Армия сапында генерал болып тағайындалды.
Османлы мемлекеті ыдыраған тұста Түрік ұлт-азаттық қозғалысына басшылық етіп, алдымен Анкара үкіметін құрды.


Ерекше әскери маневрларымен шетел интервенттерінің әскери шабуылына тойтарыс берді.


Әрдайым түрік халқын жігерлендіріп жеңіске бастады, жаңа үлгіде мемлекет қалыптастырды.


Ататүрік 1938 жылы 10 қарашада сағат 09:05-те дүниеден өткен. Осы күн Түркияның негізін қалаушы тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу үшін ұлттық аза тұту күні ретінде белгіленген.