Қызылордалық кітапханашы Жүргеновтер әулеті туралы естеліктер жазды

1 254

Жүргеновтің ұрпақтары өз тектерін өзгертіп аман қалған, - деп хабарлйды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Алып таулар, заңғар шыңдар биіктей түсетіні секілді, шоқтығы биік азаматтар да уақыт өткен сайын тұлғаланып, даралана түседі. Сондай кесек тұлғаларымыздың  бірі, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің шын жанашыры болған, қарымды қаламгер – Темірбек Жүргенов.


Жүргеновтер әулетінің кеңестік жүйеден көрген азаптары адам төзгісіз болатын. Жүргеннен Қазыбай, Қара, Жұдырық тарайды. Колхоздастыру кезінде қарсы шыққандар Жүргенұлы Қара, оның балалары Қосжан, Досжан, Жұдырық баласы – Нұржан болатын. Темірбектің  бірге туған інілерінің, әкесі Қараның, өзге туысқандарының басына түскен азаптары жайлы ақиқат.


Қара Жүргенұлының ең үлкен ұлы Ноғай тәркілеуге жетпей қайтыс болған, одан кейінгі Қосжан мен Досжан Қарақұмға қашып барып, «Қарақұм көтерілісі» басшыларының бірі болған. Екеуі де 1932 жылдың 19 қаңтардағы қаулысымен атылған. Ал Қара Жүргенұлының өзі 1929-1932 жылдары Қарқаралы округіне жер аударылып, ақыры 1933 жылы Жалағаштағы ауылға келіп, ашаршылықтан әупірімдеп аман қалады. Кейін тыныш өмір сүріп жатқан Жүргеновтер басына тағы зобалаң келеді. Ең алдымен Қазақстан Халық ағарту комиссариаты борлып жүрген Темірбек Жүргенов 1937 жылдың 2 тамызында Вышинскийдің сакциясымен ұсталып, қамауға алынады. «Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін» деген Темірбек Жүргенов кейіннен тағылған айыптардың біразын мойындаған. Шын мәнінде оны зорлап мойындатқан. Сол кезе НКВД адамды азаптаудың заңмен бекітілген 52 түрлі әдістерін қолданған. Оның үстіне Германиядан адамды ақыл есінен айыратын не айтып, не қойғанын білмейтін препараттар, егетін дәрілер алдырып соны қолданған. Темірбекті ату туралы үкім 1938 жылдың 25 ақпанында Қызылорда қаласы маңында орындалған. «Халық жауының» әйелі атанған Дәмеш Ермекова бас бостандығынан айырылып, «АЛЖИР-ге» айдалады. 


Жүргенов Қарадан тікелей тараған ұрпақтары Қосжан, Досжан, Темірбек, Ысқақ, Кәпназар, Айназар НКВД құрығына түсіп, немересі Миназар, Жұманазар соғысқа қатысып, майданнан Биназар ғана аман оралады. Бір Қараның ұрапғының өзін қоса есептегенде 7 адам атылса, Қарамен бірге туған Жұдырықтың баласы Нұржан 10 жылға жер аударылып, көп азаппен елге оралады. Жүргенмен бірге туған Тұрған ұрпақтары Пірназар Қарқұлов Ысқақпен бірге ұсталып, 1938 жылдың 27 қаңтарында сотсыз атылған. Өзге немерелес інілері де Қарақұм көтерілісінде қаза табады.


Т.Жүргеновтің шығармашылығын зерттеп жүрген Шахарбек Усманов деген Жүргеновтің ұрпағы бар, тегі өзгертіліп жазылған. Өйткені қудалау басталған кезде Жүргенов дегендердің бәрін шетінен ұстап, ата берген. Сондықтан Шахарбектің әкесін Темірбек Ташкенттің ар жағына алып барып, «қазақтардың ішінде өмір сүру сендерге қиын болады, мен аңдулымын» деп жұмысқа тұрғызған. Сөйтіп фамилиясын өзгертіп олар аман қалған.


Т.Жүргеновтың інісі Қараның баласы Қосжаннан туған Қайназарға да Темірбектің бауыры болғандықтан сол заманның салқыны соғып өткен болу керек. Қайназар ағайдың сондағы айтқаны: Менің туып өскен, балалық шағым өткен осы жер. Анау төбе біздің атамыз Қараның қыстауы. 1937 жылы Аламтыда үлкен қызметте болған Темірбек ағам ұсталып, «халық жауы» деген жаламен атылып кетті, жеңгем ұсталып, ағаның есі кіріп қалған баласын біздердің қолымызға жеткізіп берді. Басқа ортада орысша оқып тәрбиеленген баланың қазақы ортада өмір сүруі қиын болды. Бала таңертең тұрып шығысқа қарап «мама» «папа» деп еңіреп жылайды. Біздердің аза бойымыз тітіркенетін деп еске алатын.


Тек тікелей ұрапақтары ғана қудалау қамытын киіп қоймады, сонымен бірге қол ұшын берген, басын бәйгеге тіккен Жүргеновтың «құйыршығы» атанып, Т.Жүргеновтен соң 21 жыл сібірге айдалған бірге оқыған замандасы,  Сейткерей Усабаевта азапты жылдарды басынан өткізген. «Қараның әулеттері мен туыстарына көмек беріп, «Ырғыздан-Сырға» қашырды, Т.Жүргеновпен сыйластықта болыпсыз» деген желеумен Сібірге айдалған Сейткерей Усабаев дәм-тұзы таусылмай елге оралғандардың бірі.


Байтөреев Мәдібай Баймаханұлы да өз естелігінде былай деп еске алады. Алматыдағы ҚазМУ-дың физика-математика факультетіне оқуға түстім. Бұл кезде елде қуғын-сүргіннің ала сапыраны басталып, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерінің басына қара бұлт үйіріліп жатқан кез болатын. Менің де атымнан арыз түсіп, оқудан шығарылдым. Т.Жүргеновке келіп жағдайымды баяндағаннан кейін, мүмкін тегіңді өзгертерсің деген деп ағалық кеңес берді.


Жүргеновтер әулетінің тұқымын қалдырмай шетінен құртып отырған. Немере, шөберелерден тірі қалғандары тектерін өзгертіп, туған мекендерінен қашып айла жасап аман қалған.


…Кинорежиссер Еркін Рақышев «Екінің бірі министр бола береді, бірақ екінің бірі қайраткер бола алмайды» Олай дейтіні:  Т.Жүргенов Өзбекстанда халық ағарту наркомы (министр) болып отырған кезде әкесі Қара ұлдары Қосжан мен Досжанды алып Қарақұмда кеңес үкіметіне қарсы көтерілісті басқарушылардың бірі болды. Осы жерде Темірбек жәй мансапқор ма, әлде қайраткер ме? деген ой келеді. Оның шынайы бет-бейнесі ашылатын тұс осы. Ол халқын қынадай қырған қызыл өкіметке қарсы көтеріліске шыққан әкесіне, бауырларына көмектеспесе онда ол қайраткер емес. Сөйтсек ол әкесіне, бауырларына астыртын көмектескен екен. Керек десеңіз тергеу барысында Тұрар Рысқұловтың айтуынша, Қарақұмдағы көтерілісті ұйымдастыруға Т.Рысқұловтың өзі тапсырма берген. Тергеу барысында «сіздер неден үміттендіңіздер, жеңемін деп ойладыңыздар ма?» – деп сұрайды. Сонда Т.Рысқұлов «Иә, біз жеңілетінімізді білдік. Бірақ жер-жерден Кеңес өкіметінің саясатына қарсы көтерілістердің болып жатқанын көрген орталық өзінің саясатын халыққа қарай бұра ма деп ойладық» – дейді.


Кеңес үкіметінің билік басына келген қазақ қайраткерлері екі топқа бөлінді бірі – алашордашылар, екіншісі – кеңес өкіметінің саясатын қолдаған қайраткерлер болды. Олар неге кеңес өкіметінің саясатын қолдады дейтін болсақ, «Заманында патша отарында болған ұлт енді ресейдің құрамынан бөлініп, өз бетінше тәуелсіз ел бола алады деген бап бар болатын. Біздің қайраткерлер соған сеніп қалып, алданғандарын кеш түсінді. Кеңес өкіметінің қазаққа жақсылық ойлмайтынын 1928 жылғы тәркілеу кезінде анық түсінді. Міне осыдан бастап олар астыртын күреске шықты. Ал алашордашылар астыртын күреске 1920 жылдары шыққан болатын. Осылайша 1930 жылдың басында алашорда қайраткерлері мен Кеңес өкіметін қолдаған топ бірігеді. Т.Рысқұлов бастаған Т.Жүргенов қостаған топ кеңес өкіметіне қызмет ете жүріп, Қазақстанды кеңес өкіметінен бөліп алып, тәуелсіз ел ету жолында күреседі. Астыртын ұйым құрып Т.Жүргеновті бұл ұйымға Сұлтанбек Қожанов тартады. «Бұл ұйым бір кездері ашылып қалып, бәрімізді ұстап алып, атып тастамайтынына қандай кепілдік бар деген Темірбектің сұрағына, «Ешқандай кепілдік жоқ» – деп жауап береді. Сол кезде Темірбек Жүргенов «Өзекті жанға бір өлім. Мен де тіктім басымды бәйгеге. Мен де сендермен біргемін», – дейді.


Тұрмағанбет Ізтілеуовтен алған шығыстық білімінің арқасында бірнеше тіл білген. Тәжікстанда қаржы комиссары болып жасаған. Бұл қызметке тағайындалуы оның экономикалық сауатының жоғарылығынан. Сонымен бірге ол Түркістан Республикасында Қазақстанның толық құқылы өкілі болып істеген кезде Тәжікстанда жиі-жиі болып тұрды, жергілікті халықпен жақын араласты. Бұл қызметте жүргенде Тәжік тілінде баяндамалар жасады. Қорқыт Ата университетінің тарихшы мамандары арнайылап зерттеу жұмыстарын жасағанда, Тәжікстан Республикасының Қаржы министрлігінің құрылғанына 90 жылтолуына байланысты шығарылған кітапшада әр жылдары қызмет еткен басшылары бейнеленіп, қызметтері көрсетілген алайда, Темірбек Қараұлына байланысты дерек келтірілмегенін айғақтап отыр.


1930 жылы Орталық комитет Т.Жүргеновты Тәжікстаннан шақырып алып, Өзбекстанның халық ағарту комиссары етіп тағайындады. Оның бұл қызметке ауысуының себебі, ол кезде Өзбекстанда мәдениет пен идеологияның жағдайы ауыр еді. Еңбекшілердің қалың тобы арасында сүйіспеншілік пен беделге ие аса ірі атақты өзбек АқыныХамза Хакимзаде Ниязиге тап жаулары өшігіп қастандық ұйымдастырумен болды. Ақырында шайқылар мен ишандар бастаған фанатиктер ақынды айуандықпен өлтірді. Міне осындай қиын-қыстау кезеңде Т.Жүргеновке үлкен жауапкершілік жүктеліп Республиканың халық ағарту, ғылым, өнер істеріне басшылық жүргізуге тура келді. Әрине оны абыроймен атқарды.


Жүргеновтанушы Бауыржан Иманғалиев Өзбек елінің мемлекеттік архивінде отырғанымда архив қызметкері қасыма келіп: «Қазақтарға ризамыз. Нарком Т.Жүргенов біздің тарихымыздағы қиын-қыстау 30 жылдары мектеп, театр, мұражай салдыртып, өзбек халқының білімі мен өнерін өркендетті» деп ризашылығын білдіргенін айтады.


Голощекин елден кетіп, орнына Мирзоян келді. Сөйтіп, «Осы елді қалай тік тұрғызуға болады? Бұл кімнің қолынан келеді?» дегенде Ғабит Мүсірепов: «Егер шақырсаңыз келетін бір жігіт бар» деп айтқан көрінеді. «Ол кім?» деп сұрағанда «Темірбек Жүргенов» деген. Мирзоян Т.Жүргеновтың үш шартын қабыл алып, артынша елге келеді. Осы орайда Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат өз естелігінде: «Өзбекстаннан келмегенде халық жауы болып атылмас па еді..» деген өкінішін жасырмайды.  


Ақмарал Әлімбекқызы,

Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы

 әмбебап ғылыми кітапхананың әдіскері