500-ден аса қуыршақ жасаған театр жаңа маусымын ашты

2 317

Фото: baribar.kzБиыл Шымкенттегі бүлдіршіндердің сүйікті мекеніне айналған өнер ордасына 42 жыл толды. Театр жаңа маусымды Вильгельм Гауфтың "Мұрынды ергежейлі" ертегісімен ашты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ontustiktv.kz сайтына сілтеме жасап. 

Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, жас көрерменнің көз қуанышына айналған Қуыршақ театры кезекті маусымның ашылуын ерекше форматта өткізді. Саф ауада бүлдіршіндерді ертегі кейіпкерлері қарсы алып, би билетті.

"Әр жыл біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені әр жылы біз үйдегі балаларымыз сияқты ең кішкентай бүлдіршіндерді күтіп отырамыз. Олар бізден үлкен шығармашылық күтеді, біз де олар үшін барымызды салып, міне жаңа маусымға келіп отырмыз", - дейді театр әртісі Ұлжалғас Тәшібекқызы.

 Театр ашылған күннен бері 500-ден аса қуыршақ жасалған. Репертуарында 172  қойылымы бар ұжым өткен маусымда 8 туындыны сахналаған. Ел ішіндегі бәсекелерде топ жарып, халықаралық додаларға да қатысты. 

Театр – тәрбие ошағы. Ертегіден тәлім алып, әр кейіпкерден ерекше әсер алатын бүлдіршіндер үшін Қуыршақ театрының орны бөлек. Сондықтан ұжым әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық концерттер ұйымдастыруды қолға алып отыр.