Сүйек пен мүйізден туындылар жасайтын қызылордалық талант

2 512

Фото:© Медеу Бердімұраттың жеке архивіненҚызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Медеу Бердімұрат атадан қалған асыл мұра - қолөнерді заман талабына сай жаңғыртып жүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Медеу Бердімұрат - №270 орта мектептің еңбек пәні мұғалімі әрі қолөнер шебері. Ол оқушыларға мүйіз бен сүйектен кәдесый жасауды үйретуден жалықпайды. Шебер Қызылорда облысында дүниеге келген, М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін еңбек пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Бала күнінде өнерге қызығушылығы нағашы атасы Имантай Алдабергенұлы мен нағашы әжесі Шынар Нәбиқызының үйінде ояныпты.

-Ата-әжемнің үйіне қыдырып барғанда сүйекпен көмкерілген кебежені көретінмін. Маған сүйектен неше түрлі бұйымдар жасауға болатыны туралы ой келді. Бұл оң-солымды біліп қалған кез еді. Сөйтіп, сүйек пен мүйізді жинап жүретін әдет пайда болды. Сүйектен әртүрлі дүние жасағаныммен сатуға ебім жоқ. Бұл жұмыс - көңілімнің қалауы, - дейді шебер.

Мүйіз бен сүйекті бұйымға айналдыру оңай емес. Әрбір кезеңді дұрыс орындамаса, еңбегі бекер кетеді.Фото:© Медеу Бердімұраттың жеке архивінен

- Мүйізді, сүйекті әуелі қазандағы суға қайнатып аламын. Сосын оны май мен қаннан тазартамын. Сүйекті майынан ажырату үшін тұзды суда 7-8 сағат қайнату керек. Осы шикізаттардан жасалатын бұйымды көзбен елестетіп, керек емес жерін жонып алу арқылы дайындаймын. Сүйекті жону кезінде шығатын күл мен тозаң денсаулық үшін қауіпті. Бір жағынан ащы иісі бар, қолқаны қабады. Сол себепті жұмыс барысында қорғаныш құралын таққан дұрыс, - деді ол.

Шебердің айтуынша, жылқының сүйегінен майды ажырату қой мен сиырға қарағанда күрделі. Бұйымдарды желіммен біріктіру мүмкін емес болғандықтан, ол сүйектерді бұрандама арқылы қосып, бекітетін әдісті қолданады. Фото:© Медеу Бердімұраттың жеке архивінен

Медеу Бердімұрат технология пәні сабақтарында ынталы оқушыларға бұл қауіпті әрі күрделі өнерді үйретіп, шәкірттерін шығармашылыққа баулиды. Оқушылардың бірі білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып үлгерген. Шебер өз шәкірттерінің ұмытылып бара жатқан ұлттық өнерді түсініп, дамыта беретіндеріне сенімді.