«Жамиғы қазақ бір туған» атты облыстық дастан жырлаушылардың жыр фестивалі өтті

367
Қазақ халқының қастерлейтіні, қадір тұтатыны сөз өнері десек, өздерінің шығармаларымен Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақ жұртының руханият дүниесінен ерекше орын алатын Сыр сүлейлерінің жыр көшін бастаған Базар жырау Оңдасұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Жамиғы қазақ бір туған» атты облыстық дастан жырлаушылардың жыр фестивалі өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жыр фестивалінде Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» жырау Берік Саймағамбетов, «Мәдениет саласының үздігі», халықаралық ақын және жыраулар одағының мүшесі, жырау Серік Жақсығұлов, Балқы Базардың ұрпағы, облыстық жыр байқауларының жеңімпазы Ораз Әлішбеков, айдынды Арал ауданының тумасы, Нұртуған жыр мектебінің өкілі, жыршы Еркебұлан Шыңжанов, республикалық жыр бәйгелерінің жеңімпазы, қармақшылық жырау Айгерім Ешбаева, облыстық жыр байқауларының жүлделі жеңімпазы Болат Баймұратовтар Базар жыраудың дастан жырларын сыр мақам саздарында нақышына келтіре орындап, өнер көрсетті. Жыр фестивалін жырау Серік Жақсығұлов жүргізді.

Жыр бұлағымен сусындатқан жыршы-жырауларға Қармақшы ауданы әкімі Әділбек Ерсұлтановтың арнайы алғыстарын Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов табыстады.

Фестиваль соңында қонақтар осындай даңғайыр ақын, жырау Базар Оңдасұлын ұлықтап, елдің жадында мәңгі қалдыру мақсатында ұйымдастырылған жыр фестивалінде Сыр мен жыр секілді егіз ұғымдарды көңіл көкжиегіне қонақтатып, шамшырақша жарқырата білген Сыр сүлейлерінің мұрагер ұрпақтарына шығармашылық мол табыстар тіледі.