Жаңа мәдениет университеті ашылып, театр бой көтереді

2 506

Фото: ©Мәдениет және ақпарат министрлігіШымкентте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Мәдениет және өнер университетін құру мәселелері жөнінде кеңес өтті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жұмыс сапары барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігіне берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылмақ. Кеңес жұмысына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшылығы қатысты. Жиын барысында министр Аида Балаева қатысушылардың ауқымды жобаны іске асыру барысы жөніндегі баяндамаларын тыңдады. Жаңа жоғары оқу орны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылмақ. Жоспарға сәйкес, оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура деңгейлері бойынша 46 білім беру бағдарламасы іске асырылады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлауға беріледі. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет цирк өнері саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ реставраторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ. Кездесуде қалада жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысан үшін қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектар жер учаскесін белгілеген. Жобаға сәйкес, театрдың көрермен залы 1500 орынға лайықталып салынады. Қазіргі уақытта қалада 1984 жылы салынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.