Шиелідегі тарихи-өлкетану музейінде 3000-ға жуық жәдігер бар

2 528

Кеше Халықаралық музейлер күні аталып өтті. Осынау бір айтулы күн КСРО кезінде 1977 жылы Мәскеу қаласында өткен Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітіліп, 1978 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде аталып өтіп келе жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі.


Музей – тарихтың айнасы, ұлттық қазынаның ошағы. Ата-бабасынан қалған дүниені "атамның көзі, мұрасы" деп, қастерлеп қарайтын қазақ үшін "музей" ұғымы сонау ықылым заманнан-ақ қалыптастасқанын аңғарасыз. Бабалар мұрасын, салт-дәстүрін, әдеби туындылары мен құнды жәдігерлерін сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – аса маңызды ұстанымдардың бірі саналып келген. Бүгінгі таңда руханият ордасы – музейлердің саны артып, заман ағымына сай ілгерілеуіне күш салынып, тарихи орталықтар өткенімізді айшықтай түсетін жәдігерлермен толықтырылуда. Сондай мәдени орындардың бірі – Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі.


Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі 2017 жылдан бастап жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Музей қызметкерлері ауданның рухани байлығын, асыл жәдігерлерін, қазыналарын жинақтап, ғылыми зерттеу, жинақтау, есепке алу және сақтау, насихаттау қызметтерін жүзеге асыруда. Мұнда өлке тарихы, археологиясы мен этнографиясы, мәдениет, ауыл шаруашылығы, білім салалары бойынша 3 000-ға жуық жәдігерлер жинақталған. Музейдің басты бағыттары қор коллекциялары мен жеке жинақтардағы материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін экспонаттауға негізделген. Олардың ішіндегі ең құнды коллекциялардың бірі – Сырдария өзенінің орта ағысындағы ортағасырлық қалаларда жүргізілген барлау және археологиялық қазбалар кезінде табылған керамикалық қыш құмыраларды құрайтын коллекция. Осындай құнды дүниелерді, халықтың рухани байлығын, көне жәдігерлерді зерттеп-зерделеп, халық игілігіне ұсыну сала мамандарының күн тәртібінен түспеген.


Мұражайдың тағы бір ерекшелігі – есіктен кірген бойда көз тартатын, қазақы нақышта өрнектелген киіз үй. Көшпенділер мәдениетінің сәніне, бабамыздың көзіне айналған қазақы үйдің көркі келген қонақты ерекше әсерге бөлейтіні рас. 


Музей директоры Өсербек Төребай адамзат баласының өз қолымен жасаған құнды дүниелерін жинап, қастерлеп, сақтайтын бұл орынның тұрғындар үшін еселі еңбек етіп келе жатқанын айтады.


"Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында көптеген жауһар жәдігерлер мен тарихи экспонаттар бар. Сондай-ақ ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында киіз үйлермен, қазақы жиһаз-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұның бәрі – ұлттық мәдениетіміздің асыл діңгегі. 
Барлық адам көріп, қызықтай алатын тарихи орын бірнеше жылдан бері қалтқысыз қызмет атқаруда. Музей бүгінде көрме қызметі аясында дәстүрлі түрде түрлі көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсатымыз – жас ұрпақты туған жердің тарихымен, өмірімен, дәстүрлі мәдениетімен таныстыру, тарихи оқиғаларға байланысты материалдар жинау, іздену және зерттеу", – дейді ол.


Өскелең ұрпақты өткен тарихымызбен таныстырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында мұражай төрінде ұйымдастырылған бұндай шаралардың берері де көп екені даусыз.