«Күміс қалам» республикалық жас ақындар байқауының жеңімпаздары анықталды

606

Шымкент қаласында өткен «Күміс қалам-2022» республикалық поэтикалық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.


Фото: «Күміс қалам-2022»Конкурсқа еліміздің әрі өңірінен келген 16 ақын қатысты. Байқау нәтижесі бойынша, «Күміс қалам-2022» поэтикалық дуэлінің бас жүлдесін шымкенттік жазба ақын Арайлым Мұратәлиева жеңіп алды. Ал, «Есенғали Раушанов» атындағы арнайы жүлдені қостанайлық Дәулет Жадырасын иеленді. «Әбілда Аймақ» атындағы жүлде Ақбота Бейбітбекке (Шымкент қаласы), «Тынышбек Рахым» атындағы сыйлық Аружан Оралбайға (Жезқазған қаласы) бұйырды. Сонымен қатар, «Тоқаш Бердияров» жүлдесін Ақжол Түменбай (Қызылорда облысы) жеңіп алды.

«Байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші турда ақындар Шымкентке, оңтүстік өңірге арнаған өлеңдерін оқыды. Кейін екінші кезеңде жеребе арқылы екі ақын поэтикалық дуэльге шықты. Осыдан іріктелген 6 ақын финалға жолдама алды. Дуэельдің бір ерекшелігі – мұнда өлеңнің әдемі болуымен қатар, оны нақышына келтіре жеткізу, сахна мәдениеті сияқты өнерпаздың қырлары ескеріледі. Сонымен бірге, қарсыласың оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі өзіңнің шығармаңмен жауап беруің керек. Байқау осындай ережелері арқылы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін аша білді деп ойлаймын», - деді байқау жүлдегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дәулет Жадырасын.


Қалам ұстаған жастардың туындыларына ақын Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы және ҚР жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр жоғары баға берді.