Мадридте қазақ киносының күндері басталды
Мадридтің тарихи орталығында, Әсем өнерлер орталығы кинотеатрында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің қолғабысымен Қазақстан киносы күндерінің ресми ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі
Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, шараға Испанияның Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус, қазақтандықтар диаспора, шетелдік киносүйер қауым қатысты.
Көрсетілім басталар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Елшісі Константин Жигалов бұл шара екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанының 30 жылдығына орайластырылғанын хабарлады.
Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы мәдени алмасудың жоғары деңгейін атап өтті.
Оның ішінде соңғы жылдардағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік сапары, заманауи қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясының испан тіліндегі тұсаукесері бар.
К. Жигалов 2016 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясы мен Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Барселонада өтетін жыл сайынғы Азия кинофестивалінде қазақстандық фильмдер тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқанына тоқталды.
Әсем өнерлер орталығында режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Алға» және режиссер Фархад Шәріповтің «Схема» фильмдерінің еуропалық премьерасы өтіп, оған Ф. Шәріпов және «Алға» фильмінің продюсері Максим Акбаров қатысты.
Мадридтегі қазақ киносының күндері көпшіліктің көңілінен шықты.
Бүгіннің өзінде Испанияның орталық газеттерінің бірі – «La Vanguardia» басылымында осы оқиғаға арналған материал жарияланды.