Лондонда қазақ халқының мәдениетін танытатын көрме өтуде

2 238

Лондонда қазақстандық суретшілер Гүлнұр Мұқажанова мен Айғана Ғалидың жеке көрмесі өтіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Гүлнұр Мұқажанова өз еңбектерінде негізінен киіз және мата пайдаланады. «Босаға» деп аталатын дүниесі сол материалдардан жасалған. «Босағаны аттама, босағада тұрма» деген ұғымдар Гүлнұр үшін қасиетті. Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдарды ол осы картинасы арқылы жеткізгісі келген. Тағы бір таң қалдырған туындысы малдың терісінен жасалған адам денесінің мүсіні. Жүрек тұсында шаншылып тұрға инелер мың өліп, мың тірілген қазақ халқының қайғы-қасіреті деп түсіндіреді ол.


«Көшпенділер уақытында ата-бабаларымыз қаншама қиындықтардан өткен осы күнге дейін. Бізге қалдырған салт-дәстүр, біздің мәдениетіміз бар. Менің негізгі мақсатым қазақтың әруақтарының рухын көрсету, сақтау, әлем халқына жеткізу, құрметтеу», - дейді суретші Гүлнұр Мұқажанова.


Бұл Гүлнұрдың Лондондағы үшінші көрмесі. Өзі Берлинде тұрады. 10 жылдан астам уақыттан бері өз өнер туындылары арқылы Германияда туған жерін танытып жүр. Тағы бір талантты отандасымыз Айғана Ғалидің де айтары бар. Шетелге жиі шығатын суретші бұл жолы «Тәңір» сериясына кіретін картиналарын әкелген. Өмірдің қалай бастау алып, жалғасатынын жеткізуге тырысқан. 


«Мен үшін мәдениетімізді таныту өте маңызды. Менің ойымша, біздің ешкімге ұқсамайтын менталитетіміз бар және оны баршаға түсінікті тілмен, өнер тілімен жеткізу қажет-ақ», - дейді суретші Айғана Ғали.


Орталық Азия өкілдерінің өнер туындыларын тамашалау британ жұртшылығы үшін әрдайым қызықты. Бірақ қазақстандықтардың көрмелері Лондонда жиі өтпейді. Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтауға септігі тиетін шараға келген шетелдік көрермендер біраз рухани байып қалдық дейді.


«Суретшілер өте талантты және олар халықаралық деңгейде танылулары керек. Меніңше, Еуропа халқы Қазақстанның заманауи өнері туралы әзірге біле бермейді. Ал мұндай галереялар өте қажет насихат құралы», дейді көрермендердің бірі Алексис де Тизенгаузен.


Қазақстандық авторлардың еңбектерімен таныс өнер жанашырлары жеке топтамаларын толықтыру үшін олардың картиналары мен мүсіндерін жиі сатып алады екен.


«Ал бұл бізді ынталандырып, әрі қарай еңбектенуге шабыт береді», дейді дарын иелері. Көрме 15-ші қазанға дейін жалғаспақ.