Қазақстандық киногерлер Лондонда үздік атанды
Қазақстандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Фестивальдің бас жүлдесін Марина Қонарованың «Ұлы дала зары» фильмі жеңіп алды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қырылған қазақ халқының шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертеді. Гран-При үшін Ресей, Армения және Ұлыбританиядан ұсынылған фильмдер де таласты. Қазақстандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
«Фильм авторлары 100 жылдан астам уақыт бұрын қазақ халқы өткерген трагедияларын кейіпкерлер арқылы шынайы әрі шебер жеткізуге тырысқан. Бұл оқиғалар қазақ халқын әлі де мазалайтыны аңғарылып тұр», - дейді болгариялық қазылар алқасының мүшесі Натали Вонг.
Бұдан бөлек Жорабек Мұсабаевтың «Үй» фильміне жазған сценарийі «Орыс тіліндегі үздік сценарий» деп танылды. Ал Саид Әшірбаев «Үздік жас режиссер» аталымы бойынша марапатталды. Жеңімпаздар қатарында әріптесіміз, Хабар телеарнасының режиссері Ақбөбек Төлжанова да бар. Ол Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты деректі фильмі үшін «Көрермендер көзайымы» аталымын қанжығалады.
Фестивальдің мақсаты - Еуразиялық аймақтың кинематографиясын дамыту, ағылшын тілді кеңістікте ілгерілету және еуразиялық киноиндустрия өкілдерін бүкіл әлем мамандарымен таныстыру. Биыл ол бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Екі жыл бұрын танылған фестиваль жеңімпаздарының ісі ілгерілеп, бұдан да басқа байқауларда топ жарды. Фильмдері Голливудқа жол тартып, Америка экрандарында көрсетілгендері де бар. Қазақ кино өнімдерінің жаңа нарықтарды игеретін кезі жетті деп ойлаймын. Оларды көрген көрерменнің Ұлы дала елінің әсем табиғатын тамашалау үшін Қазақстанға барары хақ», - дейді Еуразиялық шығармашылық гильдиясының төрағасы Гарет Стамп.
Марапаттау салтанатының сыйлы қонақтары қатарында Лондондағы Хаверинг ауданының мэрі, ТМД мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері болды. Фестиваль ұйымдастырушылары өнер сүйер қауымды жуырда Бурабайда өтетін қысқаметражды киноның екінші халықаралық байқауына шақырды.