«Халық қарызға өмір сүріп жүр». Министрліктің «Қаржылық сауат» пәні халықты кедейліктен құтқара ма?
Қоғамда бірнеше жылдан бері мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік негіздері туралы арнайы пән енгізу мәселесі көтеріліп келеді. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, өткен оқу жылында Қазақстан мектептерінде «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы оқытыла бастаған, деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Бұдан бөлек, үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, 11-сыныптарға «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» таңдау пәнін оқыту қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің жаңа пәндері халықтың қарызға батуы секілді әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге алғышарт бола ала ма?
Қазіргі таңда Қазақстанда еңбекке жарамды 7,5 млн-ға жуық адам екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымнан несие алған. Бірінші несие бюросының мәліметінше елімізде 1 млн 343 қазақстандық несиесін қайтара алмай жүр. Осыған орай, сарапшыларға халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін не істеу керек деген сауал қойдық.
«ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК»
Central Asian Institute for Development Studies (CAIDS) компаниясының бас директоры Асхат Наметшаның пікірінше, мектеп оқушыларды жауапкершілікке, соның ішінде қаржылық жауапкершілікке үйретуі керек.
«18 жастан бастап тұлғаның жауапкершілігі пайда болады. 18 деген жай ғана жас емес, кез келген тұлғаның өз іс-әрекетіне жауап беретін кезі. Кәмелеттік жас деп тегін айтпайды. Отбасында, мектепте және қоғамда тұлғаның жауапкершілігіне баса мән берілгені дұрыс. Бір сөзбен айтқанда тәрбие жұмыстары үздіксіз жүргізілгені жөн. Бұл жасты тек төлқұжат алатын жас емес, құқығы мен міндеті пайда болатын жас екенін ұғу қажет. Бізде ол міндеттің жауапкершілігін ешкім үйретіп жатқан жоқ. Мектепте тек қаржылық сауаттылық қана емес, жалпы жауапкершіліктің бәрі үйретілуі тиіс», – дейді Асхат Наметша.
Оның айтуынша, қаржылық сауаттың ең басты қағидасы қаржылық жауапкершілік.
«Жалпы мектепте және үйде болсын алған қарызды қайтару мәдениетін қалыптастыру керек. Яғни, егер оны қайтара алмайтын болса, оны алмау керек. Кез келген адамның бұл мәселеге келгенде ішкі бақылауы болуы керек деп есептеймін. Бұл да мәдениеттің бір түрі. Әрбір ақшаның сұрауы бар. Тағы бір мәселе – банк жүйесі жұмыс істемейтін адамдарға несие беруде шектеу болуы тиіс. Халықтың қаржылық сауатын ашу осы екі жақтан бірдей жүргізілуі керек», – деп есептейді экономист.
Мектеп қабырғасынан бастап балаға қаржылық сауаттылықты оқыту әлемде бар тәжірибе. Экономист, оқушылар қаржыны үнемдеп жұмсаумен қатар, кәсіпкерлікті жоспарлау мен оның негіздерін оқыса артық болмайды деп есептейді. Алайда ел мектептерінде оның жақын арада оқытыла бастайтынына күмән келтіреді.
«Әлі күнге дейін мектептегі кейбір пәндерді дұрыс реттей алмай отырғанда бұны енгізу қиын болатын шығар. Егер енгізілген жағдайда оқушылар оны ұғып-түсінуі үшін кейс есебінде қарастыралған дұрыс. Мектептегі сабақтың қалай жүргізілетінін білесіздер ғой, жаттау, тапсырма орындау және т.б. Қаржылық сауаттылықты оқушылар түсініп, сезінетіндей болса деймін. Қазіргі мектеп мұғалімдері бұл тақырыпта дәріс өткізуге дағдыланған ба? Сондықтан кәсіпкер, қаржыгер, экономистер келіп ақшадан бастап барлық қажетті дағдылар туралы дәріс өткізсе нәтижелі болмақ. Мектеп тек білім беру ордасы ғана емес, тұлғаны әлеуметтік дағдыларды беретін, қоғамға бейімдейтін орталық болуы керек деп есептеймін», – деп қорытындылады Асхат Наметша.
«АДАМДАР БАНК АҚШАСЫ МЕН ӨЗ АҚШАЛАРЫН ШАТАСТЫРЫП ЖҮР»
Ал кәсіпкер Сырымбек Таудың пікірінше, мектеп бағдарламасына экономика пәнін енгізу қажет. Әрі оны мектеп мұғалімдері емес, университетте экономика пәнінен дәріс оқитын ұстаздар беру керек деп есептейді.
«Меніңше 8,9,10,11 сыныптан бастап оқыту керек. 8-сыныпқа өткенде балаларға экономикалық сабақты оқытқан дұрыс. Мектеп мұғалімдері ол пәнді оқыта алады деп айта алмаймын. Әрі кетсе оны беру физика, математика пәнінің мұғалімдерінің қолынан келуі мүмкін. Жалпы, университеттің қабырғасында жүрген экономика мұғалімдері оқытқан дұрыс. 8-ден бастап бала өзіне болашақта қандай мамандықты таңдаймын деген сұрақ қоя бастайды. Бұл пән кәсіптік бағдар көрсетуге ықпал етеді деп ойлаймын. Оқушыларға жаппай жеңілдетіп, ал экономика мамандығын таңдайтындарға тереңдетіп оқыта бастаса ұтылмаймыз», – дейді кәсіпкер.
Оның пікрінше, қазір экономикаға тек мамандық деп қарауға болмайды. Себебі бұл қоғамның әр саласына тікелей әсер ететіндіктен, әр адам білуі тиіс қалыпты дүниеге айналды.
«Тек оқушылар ғана емес, барлық мамандық иесі – дәрігер, тарихшы болсын білгені дұрыс. Өйткені ол мамандық емес, қазір міндетті болып тұр. Университет қабырғасында барлығына бірдей оқытылғанымен оған көңіл беріп оқып жатқандар аз ғой. Есепті әр адам мамандық емес, міндеті ретінде қарауы керек. Қазір заман талабы сондай болып тұр. Халық биліктің берген есебін қарауға сауаты жетпейді, яғни жаппай халықтың экономикалық сауаты өте төмен. Оны алысқа бармай-ақ түрлі қаржылық пирамидаларға алданып, алаяқтарға ақша аударып жатқанынан-ақ байқауға болады. Мұның бәрі қаржылық сауаттылықтың төмендігінен болып жатыр», – деп қосты ол.
Оның пікірінше, Қазақстанға Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң керек. Алайда халық бұл заңда көрсетілген банкроттық процедуралардан өтпеу үшін қаржылық жағынан сауатты болуы тиіс.
«Жеке тұлғаның банкроттығы болмауы үшін адам өзі қаржылық сауаттылықты мамандық емес, маған керек дағды деп үйренуі керек. Оны үйренгеннен кейін қаржыны дұрыс басқара алады. Ал заңға келсек,оны қажет деп есептеймін. Өйткені адамдар банктің ақшасымен өз ақшасын шатастырып жүр. Қаржылық сауаты болған адам өзіне дәл қарізгі кезде ненің керек, ненің қажетсіз екенін түсінеді. Жалпы біздің қоғамда жаман әдет бар – ол бір бірімен жарысу. Бұл жарыс та қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан болып отыр. Қаржылық сауаттылық болса, қазақ көрпеге қарап көсілуді үйренеді, екіншіден, аяқты аңдып басатын болады. Оны отбасы мен мектептен бастау керек», – деп толықтырды Сырымбек Тау.
ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ КӨП НЕСИЕ АЛАТЫНДАР 30-44 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР
Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 7 млн 439 мың қазақстандықта несие (есептен шығарылғандарды қоспағанда және қалдығы нөлден жоғары) болған. Оның ішінде 5 млн 624 мың адам ағымдағы қарызды төлеу мерзімін кешіктірмеген.
«Кем дегенде бір несие бойынша 90 және одан да көп күн мерзімі өткен несие ұйымдарының клиенттерінің саны 1 млн 343 мың адамды құрайды», – деді мекеме.
Бұған қоса, 2022 жылдың І жартыжылдығында жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 4 трлн 865,5 млрд теңгені құрады.
«Берілген несие көлемі бойынша Алматы қаласы көшбасшы: 762,6 млрд теңге (жалпы көлемнің 15,7%), екінші орында Нұр-Сұлтан қаласында 576,9 млрд теңге (11,9%). 2022 жылғы қаңтар-маусымда несие ең аз алған өңір Солтүстік Қазақстан облысы, 88,4 млрд теңге немесе жалпы республикалық көрсеткіштің 1,8%-ы», – деп қосты мекеме.
Сонымен қатар Бірінші несие бюросы несие алушылардың жынысы мен жас ерекшеліктеріне тоқталды. Мекеменің хабарлауынша, Қазақстанда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің төрттен бір бөлігін 30-44 жастағы әйелдер (25,1%) алған. Сонымен бірге, қарыз алушылардың 21,2%-ы 30-44 жас аралығындағы ер адамдарға, 4%-ы 22 жасқа дейінгі ерлерге, 3%-ы 22 жасқа дейінгі әйелдер, 7% 18-22 жас аралығындағы жастарға тиесілі.
Елімізде зейнет жасынан асқан несие алушылар да кездеседі, мәселен жалпы көрсеткіштің 4%-ы жасы 63-тен асқан азаматтар (ерлер – 1,2%, әйелдер-2,8%).
«2022 жылы несие алған ең қарт клиенттің жасы 89 жасты құрайды. Қолданыстағы несиесі бар ең қарт қарыз алушы 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 92 жасқа толды. Қарыз алушының ең жас жасы – 18 жас», - деп толықтырды Бірінші несие бюросы.
БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ҮШ ТӘСІЛІ МЕН ҮШ ТЫЙЫМЫ
2019 жылы елімізде халықтың несиелік қарызына амнистия жарияланды. Мемлекет қазынасынан бұл мақсатта 105 млрд теңге бөлініп, бұл сомаға 500 мыңға жуық қазақстандықтың қарызы кешірілген болатын. Бүгінде Қазақстанда 1,3 млн адам банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызын өтей алмай отыр. Осыған орай Президент Тоқаевтың 5 қаңтарда Үкіметке Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Қаржы министрлігі ұсынған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасында азаматтарға банкроттық процедурадан өтудің үш жолы ұсынылып отыр. Біріншісі сотқа дейінгі банкрорттық. Онда азаматтар сотқа келмей-ақ электронды үкімет арқылы өтініш беріп, алты ай ішінде өте алады. Басты талабы оның банктер мен микроұйымдардың алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы және ресми табысы болмауы керек. Табысы болған жағдайда 36 038 теңгеден аспауы тиіс.
Сотқа дейінгі банкрорттық процедурадан өткен соң, кредитордың алдындағы қарыз мерзімі өтіп кеткен болып саналады. Кредиторлар қарыз алушыдан міндетін өтеуді талап ете алмайды, ал банкрот болып танылған тұлға жаңадан қарыз ала алмайды. Екіншісі сот шешімімен банкрот болып танылу. Онда кепілге қойылған затты сату арқылы қарызды өтеу қарастылған. Түскен қаржы кредитордың алдындағы қарызды өтеуге бағытталады. Үшінші процедура төлем қабілетін қалпына келтіру – банкроттық процедураны өтпей сот арқылы реттеуді көздейді. Қарыз алушы бес жыл мерзімге төлем графигін ала алады. Жоспар қаржылық басқарушымен бірге сотта құрылады.ол үшін қарыз алушы мен кредитордың келісімі қажет.
Аталған заң жобасының тиімсіз тұстары да бар. Атап айтқанда, банкрот тұлғаға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға 5 жылға тыйым салынады. Қайталап банкроттық рәсімді тек 7 жылдан кейін өте алады және банкрорт болып танылған соң 3 жыл бойы оның қаржылық ахуалына мониторинг жүргізіледі. Жобадағы тағы бір жаңалық - банкрот процедурасын өткен адам бір жыл ішінде құқықтық және қаржылық сауаттылық курсын өтуге міндетті.
Қазір заң жобасы Мәжіліске жолданып, жұмыс тобында қаралып жатыр. Әзірге оның қашан қабылданып, күшіне енетіні белгісіз. Белгілісі Қазақстан билігі халықтың несиесін кешіру науқанын жүргізіп, проблеманың салдарымен күресіп жүр. Ал халықты қалтасындағы ақшасын рационалды жұмсап үйрететін қаржылық сауаттылық пәні мектеп қабырғасынан бастап оқытылса, проблемалық несие мәселесі қоғамда өзекті болмас еді. Қазір экономикасы әлемдегі озық АҚШ, Ұлыбритания мен Жапония сынды мемлекеттер мектеп табалдырығын аттаған оқушыға әріппен бірге ақшаны қалай ұстау қажетін бекер үйретпесе керек.