Бюджетті нақты мақсаттарға бағыттаймыз
159
Мемлекеттің экономиалық және әлеуметтік реттеуін жүзеге асыруға серпін беретін маңызды механизмдердің бірі – қоғамның қаржы жүйесі. Осы қаржы жүйесінің ең маңызды саласы – мемлекеттік бюджет. Бюджеттің тиіс орындарға уақытылы жетуі, тұрақты жоспармен, ұтымды пайдалануы ел дамуына ықпал етеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Осы орайда Жалағаш ауданында аудандық мәслихатының кезектен тыс 26 сессиясы өтті. Сессия отырысында депутаттар бес мәселе қарап, тиісті сала басшыларының баяндамаларына құлақ түрді. Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев, аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, мәслихат депутаттары, кент, ауыл әкімдері, мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №12-1 шешіміне өзгерістер енгізуге тоқталды.
«2022 жылға арналған аудан бюджетін нақтылау биыл он айдың қорытындысымен барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің биылғы жылға арналған қаржыландыру жоспарларына қайта есептеу жүргізілді. Нәтижесінде бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген және нақты төлемнен қалатын 124 045,8 мың теңге анықталды. 2022 жылға нақтыланған аудан бюджетінің 2 121 208,3 мың теңге жергілікті кірістер болжамы 204 265 мың теңгеге орындалмайды. Жылдың аяқталуына аз ғана уақыт қалуына байланысты аудан бюджетінің шығыс бөлігінің бюджеттік бағдарламаларынан 120 661 мың теңге қысқартылады. Сәйкесінше аудан бюджетінің жергілікті кірістер болжамының орындалмауына байланысты салық түсімдері қысқартылады», – деген бөлім басшысы салық түсімдері корпоративтік табыс салығы 5 786 мың теңге, жеке табыс салығы 30591 мың теңге, әлеуметтік салық 54 393 мың теңге, жер учаскелерiн сатудан түсетін түсiмдерден 5 000,0 мың теңге, азаматтардан пәтерлер сатудан түсетін түсімдерден 24 891 мың теңге екенін де айта кетті.
Баяндамашының сөзінше, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген 3384,8 мың теңге және өткен жылдың қорытындысымен аудан бюджетінде қалыптасқан бос қалдықты бюджеттік бағдарламаларға қайта бағыттау жобаланбақ.
Айта кетейік, бюджеттік бағдарламаларға бағытталатын қаржы аудан әкімдігі бойынша аппараттың ағымдағы шығындарына, оның ішінде еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерге, іс-сапар шығындарына, түрлі шығындарына, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бойынша «Ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт саласынаң мамандарына отын сатып алуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әлеуметтік көмек көрсету» бюджеттік бағдарламасына, ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бойынша «Спорт объектілерін дамытуға» ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі бойынша «Әртүрлі спорт түрлері бойынша аудан құрама командаларының мүшелерін дайындау және олардың облыстық спорт жарыстарына қатысуы» бюджеттік бағдарламасына, «Ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстарына» ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша «Мәдени демалыс жұмысын қолдау» бюджеттік бағдарламасына жұмсалады. Яғни аудандық мәдениет үйінің “Алтын күз – 2022” іс-шарасын өткізу, Мәдениет және өнерді дамыту орталығының Т.Мәдиев, К.Бердәулетовтерді еске алу арналған іс-шараны өткізу шығындарына бағытталады. Аппараттың ағымдағы шығындарына 789 мың теңге ауыстырылу арқылы бағыттау жобаланды.
Ал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қ.Бөлембаев Жалағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қазандағы №64-2 «Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы сөз етті.
Бөлім басшысының айтуынша, енгізілетін өзгерістерде өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетілмек. Атап айтар болсақ, табиғи зілзаланың немесе өрт оқиғасы орын алған мекен-жай бойынша тұрақты тіркелген, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға осы өмірлік қиын жағдайда туындаған сәттен бастап алты ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көмек көрсетілмек.
Тарқатып айтсақ, қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне бір рет қырық айлық есептік көрсеткіш, азаматқа не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда бір рет жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, өмірлік қиын жағдайда қалған, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектеулі адамдарға, яғни туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, гемобластоздар мен апластикалық анемияны қосқанда, гемотологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 7,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің ай сайын екі еселенген мөлшерінде көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, сессия отырысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген шамасынан төмен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарға өтелетін әлеуметтік көмек туралы да сөз болды. Мәселен, жетім, мүгедектігі бар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлері мен балалар ауылдарының тәрбиеленушілеріне, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алатын, ата-анасының екеуі де жасына байланысты зейнеткер болып табылатын немесе біреуі мүгедектігі бар адам болып табылатын, құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес отбасыларындағы балаларға, студенттерге әлеуметтік көмек оқу орындары ұсынатын білім беру қызметі мөлшерінде жыл сайынғы бір жолғы төлемнен, сонымен қатар жетпіс екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тамақтануға және тұруға кететін шығындарды өтейтін бір жолғы әлеуметтік көмектен тұрады.
«16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, басқаларға 100 000 теңге мөлшерінде көмек көрсету ұсынылады. Сонымен бірге ата-аналарымен немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балаларына, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және оны қолдану нәтижесінде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балаларына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек көрсетуді де назарға алып отыр», – деген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев сессия отырысының үшінші мәселесіне көшті.
Жалағаш аудандық мәслихатының 2021 жылғы 17 қарашадағы №10-2 «Жалағаш ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндаған бөлім басшысы бұл ретте де бірқатар өзгерістердің барын жеткізді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Жалағаш аудандық мәслихатының «Жалағаш ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. №10-2 шешімінде көрсетілген «мүгедектер» деген сөз «мүгедектігі бар балалар» деген сөзбен ауыстыру және «өндіріп алу» деген сөз «өтеу» деген сөзбен жаңа редакцияда жазылуы нақтыланды», –деді бөлім басшысы Қ.Шамшатұлы.
Мұнан бөлек басқосуда аудандық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Г.Айтжанова аудандық мәслихаттың «Әлеуметтік-мәдени даму, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері, заңдылық және азаматтар құқығы» жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының есебіне тоқталса, аудандық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Ж.Тәттібаев Жалағаш аудандық мәслихатының «Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, аграрлық, кәсіпкерлік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының есебі бойынша хабарлама жасады. Соңғы екі мәселе бұған дейін де тұрақты комиссия отырысында жан-жақты талқыланғанын алға тартқан мәслихат депутаттары бұған қатысты ешқандай қарсылық жоқ екенін жеткізді.
Сессияда қаралған күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, баяндамашыларға депутаттар тарапынан сұрақтар қойылды. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс өткен 26 сессиясының күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты, бірауыздан бекітілді.