Заңсыз бидай тасымалынан елімізге 500 млн доллар шығын келген

1 699

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков еліміздегі бидай тасымалына неге тыйым салынғанын түсіндірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



10 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрінің «ҚР аумағына бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйырығы күшіне енді.


«2022 жылды біз жақсы нәтижелермен аяқтадық. Соңғы 10 жылдағы рекордтық өнім – 22 миллион тонна астық пен дәнді–бұршақты дақылдар, соның ішінде 16,4 млн тонна бидай жиналды. Статистикаға сәйкес, биылғы 1 наурызда бидайдың оң балансы 10,4 млн тонна болды. Бидайдың осы көлемі еліміздің ішкі нарығының қажеттіліктеріне және белгілі көлемде экспортқа шығаруға жеткілікті», - деді Е. Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметінде.


Қазіргі уақытта фермерлерде бидайды тиімді бағамен сатуға және егін жинаудың жаңа маусымына дейін бидай сақтауға арналған қоймаларды босатуға мүмкіндік бар.


Бірақ соңғы жылдары қазақстандық бидай нарығы «сұр» импорт пен заңсыз әкелуден зардап шегуде. Әкелінген бидай транзиттік тарифі төленбей жасырын реэкспорт түрінде Орталық Азия және Ауғанстанға жолданады.


«Салалық қауымдастықтардың мәліметінше «сұр» импорттың көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаны құрайды, мемлекетке келетін жалпы зиян жылына 500 млн АҚШ долларына бағаланады. Осы айтылғандардың негізінде және бірнеше салалық одақтар мен қауымдастықтардың министрлікке келіп түскен өтініштері бойынша, бұл сұрақ жан-жақты қарастырылып, 10 сәуірде АШМ бұйрығымен 6 айға дейін ҚР аумағына автомобиль көлігімен бидай әкелуге тыйым салынды», - деді вице-министр.


Оның айтуынша, қабылданған шара ең алдымен отандық бидай нарығын және ішкі бағасын тұрақтандыруға, одан бөлек сыртқы елдерден бидай тасымалдау кезінде салық заңнамасы шеңберінде жұмыс істеуге оң нәтижесін береді.


«Айта кетейік, бидайды теміржол көлігімен әкелуге еш тыйым жоқ. Ең бастысы, барлық салық ережелері сақталуы тиіс. Талдау жұмыстарына сәйкес, заңсыз бидай автокөлікпен жеткізілген. Әсіресе шекара маңындағы Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында «сұр» импорт көп анықталған», - деді спикер.