Үкімет «Ауыл аманаты» жобасына 1 трлн теңге бөлмек
Әлихан Смайылов «Ауыл аманаты» жобасына жеті жылда 1 трлн теңге бөлінетінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылуда. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру көлемі биыл 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге жетті. Жеңілдетілген бағамен егіс жұмыстарына 419 мың тонна дизель бөлінді. Сонымен қатар егін жинауға қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Премьер-Министр биыл мемлекет меншігіне қосымша 5 млн гектар ауылшаруашылық жерлері қайтарылатынын атап өтті.
«Ауылдық аумақтардағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Соның шеңберінде микрокредит беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн теңге қарастырылады», - деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған. Оның аясында халыққа жеңілдікпен несиелер беріледі. Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек.