Елімізде май өңдейтін жаңа желі іске қосылады

2 655

Фото: gov.kzЕлде енді бірер жылда 5 млн тоннаға дейін майлы дақылдар өңделетін болады. Бұл үшін жаңа өндіріс ошақтары салынады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кәсіпорындар күнбағыс майы ғана емес, жоғары протеинді мал азығын да шығармақ. Дайын өнімге сыртқы нарықта да сұраныс бар. Абай облысында жылына 72 мың тонна рафинадталған өсімдік майы шығарылады. Бұған қолданыстағы кәсіпорынның жаңа желісі сеп болмақ. Жоба құны 13,9 млн доллар, яғни, 7,2 млрд теңге. Нысан биыл іске қосылады. «Сұйық майға сұраныс көп», - дейді мамандар. 

Қазір зауытта тәулігіне 1200 тонна күнбағыс, рапс және зығыр дәні өңделеді. Нәтижесінде 522 тонна өсімдік майы, 430 тонна шрот шығарылады. Ал шикізат отандық шаруалардан, жетпегені Ресейден алынады. Дайын өнім ішкі нарыққа, артылғаны ТМД елдеріне, сонымен қатар Грузия, Үндістан, Италия, Қытай, т.б. мемлекеттерге жеткізіледі.   

Майлы дақылдарды өңдеу зауыттары әлі де көбейе түседі. Себебі Қытай сияқты алып нарықтарда дайын өнімге сұраныс жоғары. Алайда, мәселе бар. Кәсіпорындарда шикізат тапшы. Бұл туралы Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының бас директоры Фарид Әбітаев айтты. Кедергіні жою үшін алқапты 15%-ке ұлғайту көзделеді. Мамандар күнбағыстың орташа өндірісі 1,7 млн тонна болса, өңдеу қуаты 3,8 млн тонна болатынын айтады. Қазір әлемде күнбағыс өндірісі 10%-ке азайған, бұл бағаның өсуіне әкелді.

Бұл құрғақшылыққа да төзімді дақылды көптеп өсіруге көңіл бөлу керек.