Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков елдегі базарларды неге тексере алмай отырғандарын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында кеңес мүшесі, «Bastama» институтының президенті Темірлан Жақыпбеков базарларды өркениетті кейіпке келтіріп, жаңғырту жұмыстары тым ұзаққа созылып кеткенін айтып, мерзім неге 2025 жылға дейін ұзартылғанын сұрады.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков базарларды тәртіпке келтіру әлеуметтік астары бар мәселе екенін айтады.
«Базарларға әкімшілік шара қолдану мәселесіне келсек, біз Алтын Орда» базарын ғана тексердік. Ол базарға сауда саласы бойынша әкімшілік 2 айыппұл салынды. Бұл бірінші тексеру болды. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдардың құзыреті болған кезде базарларды тексерумен айналыспаған. Егер бүкіл базарды осылай тексеріп шықсақ, не айыппұл салуға, не жабуға мәжбүр боламыз. Өйткені 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін бүкіл базарлар жаңғырту жүргізу керек болған. Бірақ жүргізген жоқ. Ол базарларда ондаған мың адам жұмыс істейтінін ескерсек, базарларды жауып тастай алмаймыз. Әрине, бұл жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі шаруа. Олар базарды жапсын дейік, әрі қарай не болады? Мыңдаған адам шығады, жұмыссыз қалады. Бұл өте әлеуметтік мәселе. Сондықтан жаңғырту мәселесін 2025 жылға дейін ұзарту ұсынылған болатын», - деді ол.
Айдар Әбілдабеков базарларды тәртіпке келтіру мәселесі 2015 жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын да атап өтті.
«Ең бірінші рет бұл мерзімді 2015 жылы, одан кейін 2018 жылы, 2020 жылы, үш рет ұзартқан. Ол кезде Ұлттық экономика министрлігі не істегенін білмеймін. Сауда министрлігі 2019 жылы құрылса, біздің комитет 2022 жылы құрылды. Сол құрылғаннан күннен бастап базар қызметін тәртіпке келтіруге талпынып жатырмыз», - деді комитет басшысы.