Атырау облысында 17 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр

2 655

Фото: 24.kzБиыл Атырау облысында 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Елдегі көмірсутегі шикізатының 65%-і шоғырланған өңірде негізгі инвестицияның үлесі мұнай-газ өнеркәсібінде. «Теңіз», «Қашаған» жобаларынан өзге Қазақстанның тұңғыш газ химиясы кешенінің аясында ондаған жаңа жоба пайда болды. 2029 жылға дейін өңірде 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Келер жылы «Теңіз» кен алаңындағы «Келешек кеңею» жобасының құрылысы аяқталады. Сол кезде мұнай өндіру көлемі қазіргі 28 млн тоннадан 40 млн тоннаға жетеді. Биыл Атырауда мұнай-газ химия кешені аясында полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 2027 жылға қарай Атыраудан жылына 6 мың жүк вагоны шығарылады. Жалпы биыл Атырауда құны 77,6 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жоба қолға алынды. Нәтижесінде 833 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы жылдары тағы 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4,6 мың адам жұмысқа орналасады деген жоспар бар. 

Марат Мурзиев, облыс әкімінің орынбасары: - Сұйық азот өндіретін кәсіпорынды атап өткім келеді. Жобалық құны 5 млрд теңге тұратын бұл өндірістің өңір үшін маңызы зор. Облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өзге салалардың дамуына игі әсер етіп жатыр.

 Өңірдегі ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыратын компаниялардың демеушілігімен қазір Құрманғазы, Мақат, Жылыой аудандарында 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 11 әлеуметтік нысан бой көтеріп келеді.