Қызылорда облысы қысқы маусымға толық дайын – газ жүйелері тексеруден өтті
Қысқы жылу беру маусымы жақындаған сайын өңірде тұрғындарды үздіксіз әрі қауіпсіз табиғи газбен қамту мәселесі өзектілігін арттыра түсуде. Осы орайда, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының жылыту маусымына дайындығын көрсету мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз туры өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Газбен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі
Баспасөз туры барысында журналистер қала аумағындағы бірқатар өндірістік және техникалық нысандарды аралап, мамандардың күнделікті жұмыс барысымен және күзгі-қысқы кезеңге жасалған дайындықтарымен жақын танысты. Сала өкілдері газ желілерінің техникалық жағдайы, қауіпсіздік талаптары, жөндеу жұмыстары және алдын алу шаралары бойынша нақты мәліметтер ұсынды.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 147 995 абонент көгілдір отынға қосылған. Бұл көрсеткіш тек тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін де айқындайды. Облыстағы газбен жабдықтау жүйесінің жалпы ұзындығы 4 250,4 шақырымды құрайды.
Техникалық дайындық – басты назарда
Келесі жылыту маусымына дайындықты жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында арнайы техникалық паспорт әзірленіп, ол облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілген.
Жоспар аясында атқарылған негізгі шаралар мыналар:
- Газ реттеу пункттері мен шкафтық пункттерге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді;
- Жер үстіндегі ажыратқыш құрылғыларға техникалық қызмет көрсетілді;
- Катодтық қорғау жүйелері толық тексеруден өтті;
- Газ реттеу пункттерінің жылу жүйелері әзірленіп, оқшаулау жұмыстары атқарылды;
- Мамандардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды.
Бұл шаралар – облыс тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды алдағы қыста үздіксіз, қауіпсіз және тұрақты газбен қамтудың негізгі алғышарттары.
Баспасөз турына қатысқан журналистер өндірістік нысандарды аралап, сала қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен жүйелі еңбегіне жоғары баға берді. Ақпарат құралдарының өкілдері газ жүйесінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – тек техникалық тұрғыда емес, стратегиялық маңызы зор мәселе екенін атап өтті.
Қызылорда облысы бүгінде күзгі-қысқы жылыту маусымына толық дайын. Табиғи газ жүйелерінің техникалық ахуалы бақылауда, ал жауапты сала мамандары кез келген жағдайға дайын. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы аймақтағы барлық абоненттерді тұрақты әрі сенімді көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытында жұмысты жалғастыра бермек.







