Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстанның азық-түлік нарығына әсер етпек

2 504

Фото: Видеодан скринРесейдің 35 өңірінде байқалған жанармай тапшылығы егін жинау науқанына қауіп төндіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдегі жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелсе, оның салдары Қазақстан нарығына да әсер етуі мүмкін,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Жанармай дағдарысы ең алдымен жүк тасымалы мен логистика саласына әсер етуі мүмкін. Әсіресе автокөлік арқылы тасымалданатын жүктер қауіпке ұшырайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы да зардап шегуі ықтимал, себебі егін жинау жұмыстары дизель отынының жеткілікті болуына тікелей тәуелді.

"Ұлағат консалтинг групп" ЖШС директоры Марат Қайырленов кез келген тапшылық өнім өндіру мен астық жинау көлеміне әсер ететінін айтады.
“Ресейде картоп тапшылығы болған кезде бізде де баға екі-үш есеге дейін өсті. Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзын шекара және кедендік одақ аясындағы еркін сауда жағдайында тауарлар Ресейге көбірек шығарылуы мүмкін”, – деді компания басшысы.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы өңдеу кәсіпорындары пайдаланатын кейбір өнімдер мен шикізат та Ресейден жеткізіледі.

R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, жеткізілімдегі қиындықтар саудаға ғана емес, ел ішіндегі өндіріс жұмысына да әсер етуі мүмкін.

“Кейде біз ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмаймыз, тіпті астықты да импорттаймыз. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен болғандықтан, кей өңірлер азық-түлікпен жүз пайыз қамтылмаған”, – деді Арман Байғанов.

Мамандардың пікірінше, қазақстандық өнім ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз етуге тиіс. 

“Басымдық ішкі тұтынушыға берілуі керек. Тамыз-қыркүйек айларында егін жинау басталады, сондықтан дизель отынының жеткілікті көлемін қатаң бақылауда ұстау қажет”, – деді қаржы сарапшысы.

Әзірге ықтимал дағдарыстың ауқымы туралы нақты айту ерте. Дегенмен сарапшылар Қазақстан әртүрлі сценарийлерге, соның ішінде азық-түлік пен жанармай бағасының өсуіне дайын болуы қажет деген пікірде.