Елімізде бірнеше жаңа банк құрылды

2 540

Фото: canva.comЕлімізде ұлттық генетикалық банктер құрылды. Бұл туралы Сенат депутаттарын Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Топан сулар, өрттер, зілзалалар және басқа да қаптаған табиғи және адам қолымен жасалған антропогенді апаттар жиіледі. Олар халыққа залал келтіріп қана қоймай, Қазақстандағы флора мен фаунаның жойылуына ықпал етеді. Сондықтан ең құрығанда, қазақ жерінде өсетін өсімдіктердің гендік қорын сақтап қалу өзекті бола түсті.


Мысалы, ғалымдар Шпицберген аралында "Қиямет күнінің қоймасы" аталған атақты жаһандық Генбанкті құрды. Ол әлемдік биологиялық түрлердің генін мерзімсіз сақтау миссиясын атқарады.


Озық елдер ядролық соғыстан, климаттық кризистен, экологиялық апаттардан планета уланып, жерге шөп шықпай қалуы мүмкін қиямет-қайым заманға дайындалуда. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FАО) мәліметінше, өткен ғасырдың ортасынан бастап әлем елдерінде ашылған генетикалық банктердің саны қарқынды өсіп келеді: бастапқы кезеңде 80 болса, бүгінде жалпы саны 1 750-ге дейін жетті. Оларда флора мен фаунаның 3,6 миллионнан астам гендік үлгілері сақталған.


"Әлемнің көптеген елінде, соның ішінде тіпті Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Беларусьте негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының "ex-situ" жинақтары бар Ұлттық генбанктері құрылды. Бұларда генетикалық ресурстарды сақтау, сондай-ақ оларды фермерлерді заманауи сорттармен, тұқымдармен қамтамасыз етуде тиімді пайдалану бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде", – дейді сенатор Жанболат Жөргенбаев.


Қазақстан Үкіметі болса, қамсыз отырмағанымен, қарқынды қимылдап жатқан жоқ. Тек ғалымдарымыз өз күшімен, өз бетінше қор жасақтауда. 2022 жылы "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының" ғылыми-зерттеу ұйымдарында сақтаулы тұрған ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен олардың жабайы туыстарының генетикалық ресурстарына толық түгендеу жүргізілді.


Түгендеу қорытындысында анықталғандай, 63 мыңнан астам коллекциялық үлгілер және олардың ауыл шаруашылығы дақылдарының жабайы тұқымдастары бар екен. Соның ішінде дәнді дақылдардың – 28 000, дәнді-бұршақты дақылдардың – 2 264, майлы дақылдардың – 3 500, жемшөп дақылдарының – 11 263, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың – 14 264, техникалық дақылдардың – 615, жеміс дақылдарының – 1 685, басқасының – 2 028 бірлік үлгілері табылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жабайы туыстары – 1 583 үлгі болды.


Мұны көп деуге де болмайды. Үлгілер санын арттырып, оларды болашақ ұрпаққа лайықты сақтап, жеткізу үшін жеткілікті қаржыландыру керек. Әйтпесе, келер ұрпақ ғаламат генбанкі мен тұқымдары бар өзге елдерге кіріптар болып қалуы мүмкін.


Сенатордың айтуынша, Қазақстанда аса құнды ауыл шаруашылығы дақылдары мен жануарлардың генетикалық ресурстарын толықтыруға, сақтауға бағытталған ұлттық бағдарлама жоқ. Осы бағытқа арналған ғылыми-техникалық бағдарламалар конкурстық негізде және тек 3 жылдық кезеңге жүзеге асырылады. Бұл, әрине, нонсенс: үш жылда ұрпақ ауыспайды, генбанктер болса, екі-үш буыннан кейін келетін ұрпаққа қызмет етуі мүмкін.


Дегенмен, билік бұл салаға бет бұра бастады. "Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС базасында 100 мың үлгіге арналған генетикалық материал топтамасын сақтау үшін "Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің бірыңғай генетикалық банкі" құрылды. Онда үлгілер терең мұздату, яғни криоколлекция жағдайында тұқымдар мен далалық коллекциялар түрінде сақталады. Болашақта оларды "пробиркалық" микроөсімдіктер (in vitro) түрінде сақтау қажет екен.


Осы орайда Үкімет басшысы О.Бектенов бұл ЖШС қайта құрылатынын және "ұлттық" статус алатынын жария етті.


"Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған жаңа, кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Оның аясында "Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС (ЕӨҒЗИ) базасында "Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің ұлттық гендік қорын" құру көзделген. Осы жұмыстың аясында аталған генетикалық банкке "ұлттық" мәртебесін беру, кейіннен өсімдік үлгілерінің коллекцияларын мемлекеттік тіркеуден өткізу жоспарланып отыр", – деді Олжас Бектенов.


Сондай-ақ ұлттық заңнама жетілдіріледі. Заңға "Тұқымдардың ұлттық генетикалық банкі" ұғымы енгізіледі, оның жұмыс істеуінің негізгі ережелері айқындалады. Генбанкті тұқым шаруашылығы субъектісінің тізбесіне енгізу, сондай-ақ оның қызметін мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылады.


Алда салаға миллиардтар бағытталады деп күтілуде.


"Кешенді жоспар шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының" еншілес 18 ұйымына жалпы сомасы 51,7 миллиард теңге бөледі. Соның ішінде 1,97 миллиард теңгеге ЕӨҒЗИ-ге арналған "Материалдық-техникалық, ғылыми-зертханалық базаны жаңарту және мамандандырылған селекциялық техникамен жарақтандыру" мемлекеттік инвестициялық жобаларын әзірледі. Кешенді жоспарды қабылдау ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуға және аграрлық секторды отандық селекцияның бәсекеге қабілетті тұқымдарымен, екпе материалының қажетті көлемімен қамтуға мүмкіндік береді", – деді Премьер.


Оның айтуынша, бүгінде АШМ-ның аталған кешенді жоспарын қаржыландыру мәселесін Республикалық бюджет комиссиясы қарауы үшін қажетті шаралар қабылдануда екен.


Әзірге қаржының жеткіліксіз екенін Үкімет жетекшісі де жасырмады: базалық қаржыландыру шеңберінде өсімдіктердің жоғары бағалы сорттарының гендік қорын сақтап, дамытуға 2022–2024 жылдары ЕӨҒЗИ-ға шамамен небары 400 миллион теңге ғана бөлінді.


Өз кезегінде, Экология және табиғи ресурстар министрлігі тағы бір банк – Орман тұқымдарының генетикалық банкі құрылғанын хабарлады.


Ведомствоның түсіндіруінше, соңғы онжылдықта Қазақстанда ормандар күрт азая бастады, соның кесірінен, ормандардағы биоалуандылық та кеміді, енді жойылу қаупі төнді. Сондықтан болашақта ормандарды қалпына келтіру үшін орман өсімдіктерінің тұқымдары түріндегі бай ресурстарды сақтап қалу күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.


Бұл проблеманы шешуде қамсыз жүрген ел Үкіметіне Дүниежүзілік банк көмекке келді: ол "Қазақстанда ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын" іске қосты. Жоба аясында орман тұқымдардың генетикалық банкі құрылып жатыр.


Экология министрлігінің түсіндіруінше, Орман тұқымдарының генетикалық банкі – өсімдіктердің генетикалық материалдары сақталатын қойма. Ол ормандардың әртүрлілігін және генетикалық тұтастығын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл банк – еліміздің әр өңірінен, әр түкпірінен жинап алынған түрлі орман тұқымдарын сақтайтын бірегей платформа.


Банк генетикалық ақпараттың қоры функциясын атқарады: алапат өрттерден, зиянкестерден және өсімдік ауруларынан, жаппай отаудан және түрлі төтенше жағдайлардан кейін орманды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.


Жалпы, Генбанк халықаралық ұйымның шектеулі көмек қаржысына ашылғандықтан, оған кіретін ағаш түрлері де шектеледі. Тұқымы осы генбанкте сақталатындардың алғашқы тізіміне Қызыл кітапқа енген, әлемде сирек кездесетін ағаш өсімдіктерінің 46 түрі қосылды.


"Сондай-ақ болашақ замандарда да елді мекендерді белсенді абаттандыруға жарайтын әлеуеті бар перспективті ағаш-бұта түрлері, орман түзуде маңызды рөл атқаратын орманқұраушы түрлер де кірді. Тұқымдар банкінде осы және басқа өсімдіктерді сақтау және көбейту – еліміздің ландшафттарының ұзақ мерзімді тұрақты дамуына қажетті қадамдардың бірі болмақ. Қазіргі қазақстандықтар да, болашақ ұрпақ та генбанкті тұтас ормандарды қалпына келтіруде, биоалуандылықты арттыруда, жердің деградациясымен, климаттың өзгеруімен күресуде пайдалана алады", – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев.


Дүниежүзілік банк Орман тұқымдарының генетикалық банкінің материалдық-техникалық базасын құруға қолдау көрсетті. Атап айтқанда, орман тұқымдарын сақтап, кептіруге, оларды қабылдауға қажетті құрылғылар, аспаптар және автокөлік сатып алынды. Бұдан басқа, зертхананың блогы қажетті техникамен және жиһазбен жабдықталып, орман тұқымдарын тексеруге, оларды сақтауға арналған арнайы жабдықтармен қамтылған.


Бір қызығы, дәл осы банкте "клондау" жүргізілмек. Жоба жетекшісі Е.Мұратовтың айтуынша, зертханада микроклондау әдісі арқылы жаппай тираждау үшін вируссыз, генетикалық біртекті отырғызу материалын алу әдісі сәтті жүзеге асырылуда. Ол мұны "өсімдіктерді көбейтудің қысқа әрі жеделдетілген жолы" деп атады.


Зертхананың жұмысы басталғалы, клондап отырғызу материалын алу әдісі әзірленген. Ағаш-бұталардың әртүрлі түрлерін "invitro" жағдайында сақтайтын "Меристемдер гендерінің банкі" құрылды.


Олардың арасында Іле-Алатау популяциясына жататын, әлемдегі барлық алманың "атасы" саналатын Сиверс алма ағашы, сондай-ақ Карель қайыңы, Манчжур қайыңы, Қағаз қайың және басқасы бар.


Мұндай тұқымдық қор – қазақ елінің құнды қазынасының бірі.