Сиыр етінің келісі 6000 теңгеге жетті

2 550

Фото: Stan.kzҚазақстандықтар соңғы күндері еттің келісі 6 мың теңгеге жеткенін айтып, шағымданып жатыр, - деп "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сиыр еті 6 мың теңгеге жетті: Баға неге шарықтап барады?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде қазақстандықтар сиыр етінің бағасына шағымданып жатыр. Threads платформасында қолданушылар: "Сиыр еті 6 мыңға жетті", "Жаңа жылға дейін 7 мың болады деп жатыр", "Жылқы етінен де қымбаттап кетті" деп жазуда. Олардың жазбасынан кейін Алматы мен Астанадағы базарларды аралап көргенімізде, сиыр етінің расымен де 5–6 мың теңгеге сатылып жатқанын байқадық.

Алматыдағы сатушылар сүйексіз сиыр етін 5–6 мың теңге деп тұрса, жылқы еті 6 мың теңгеге саудалануда. Астанадағы кей дүкендерде сүйекті сиыр етінің келісі 3600–4700 теңге болса, сүйексізі 5 мыңнан жоғары.

Бағаның өсу себебі неде?

Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, бағаның шарықтауы – нарық заңдылығы. Сұраныс артқан сайын баға да өседі. Оның сөзінше, ішкі нарықта ақша массасы көбейіп, инфляция күшейген. Сонымен қатар, жем-шөп пен қызмет көрсету бағасының өсуі, етті тасымалдау, сақтау мен бөлшектеу шығындары да қосылады. Оған қоса, сыртқы нарықтағы сұраныс та ет бағасын көтеріп отыр.

"Өзбекстан, Түркия, Иран, Ауғанстан сияқты елдер Қазақстаннан ет алуға мүдделі. Бұрын олар Еуропа мен Ресейден алатын, қазір ол елдер соғысып жатыр. Сондықтан Қазақстан мен Моңғолияға бет бұрды", – дейді экономист.

Фермер не дейді?

Фермер Әділет Талғатбеков: "Мал өсіру – оңай шаруа емес. Таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек. Сондай бейнетпен келген етті 4-5 мың теңге қымбат дейді. Бұл әділетсіз пікір", – дейді.

Министрлік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті 6 мың теңгеге жетті дегенді нақты растамаса да, бағаның өскенін мойындады. Министрліктің мәліметінше, еттің өзіндік құны жем-шөп, жалақы және өндірістік шығындардың өсуіне байланысты қымбаттап жатыр.

Бордақылау алаңдарындағы 1 кг еттің өзіндік құны 3000–3100 теңге шамасында, көтерме бағасы – 3400–3500 теңге. Дегенмен, бұл есепке банктік несиелер кірмеген. Осыған орай, 1 тамыздан бастап фермерлерге 5%-бен жеңілдетілген несие ұсыныла бастады. Бағдарлама аясында бөлінген 50 млрд теңге ішкі нарықты етпен қамтуды мақсат етеді.

Сиыр еті расымен де қымбаттап жатыр. Бағаның өсуіне ішкі шығындар, нарықтағы сұраныс, сыртқы экспорт және мемлекеттік саясат әсер етіп отыр. Сарапшылар мал шаруашылығын дамыту үшін ет бағасының өзіндік құнын өтеп қана қоймай, шаруаларға тиімді табыс қалуы қажет екенін айтады.