Зейнетақы жинағын енді ипотеканы “жеңілдету” үшін қолдануға болады
Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарын пайдаланудың жаңа тәсілдеріне қол жеткізуі мүмкін. Тиісті бұйрық жобасын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрлік ұсынған құжат 21 қарашаға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.
Жоба зейнетақы жинақтарын пайдалану аясын кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, қаражатты келесі мақсаттарға жұмсау ұсынылады:
- ипотекалық тұрғын үй несиесінің негізгі қарызын өтеу;
- ай сайынғы төлем мөлшерін азайту;
- несиенің мерзімін қысқарту.
Құжатта көрсетілгендей, бұл жаңашылдық Салық кодексінің жаңа редакциясымен байланысты. Соған сәйкес, Қазақстан резиденттері БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табыстан жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты — біржолғы зейнетақы төлемдерін тиімді әрі ыңғайлы пайдалану және азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша мүмкіндік беру.
Айта кетсек, қазан айының соңында «Отбасы банкінде» зейнетақы жинақтарын пайдаланып сатып алынған тұрғын үйлерді сатуға шектеу қою мәселесі қарастырылған еді.
Бұл бастама Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді мәмілелерге байланысты туындаған. Кейбір жағдайларда бір пәтер бірнеше рет әртүрлі адамдарға сатылғаны белгілі болған.
Мұндай теріс пайдаланудың алдын алу мақсатында «Отбасы банк» министрлікке зейнетақы қаражаты есебінен сатып алынған тұрғын үйді 5 жыл бойы қайта сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жолдаған.







