Министрлік ЕҚДБ-мен бірлесіп, орта бизнеске қолдауды күшейтеді
Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Еуропалық Қайта құру және даму банкі арасында Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын үйлестіру комитетінің жыл сайынғы XIII отырысы өткізілді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Отырыс жұмысына Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев қатысқан.
Өз сөзінде ол 2013 жылдан бастап ынтымақтастық шеңберінде кәсіпкерлікті дамытуға, консультациялық қолдауды күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға арналған бағдарламалар дәйекті түрде іске асырылып келе жатқанын атап өткен.
Осы кезеңде 2,7 мыңнан астам консалтингтік жоба қаржыландырылып, 300-ден астам оқыту іс-шарасы өткізілген. Қолдаудың арқасында 10 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, кәсіпорындардың 17% - ы жобаларды іске асырғаннан кейін бір жарым жыл ішінде ірі бизнес сегментіне көшкен.
2025 жылғы 20- шы қаңтарда Министрлік ЕҚДБ-мен бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту туралы қосымша келісімге қол қойған.
Табысты іске асыруды ескере отырып, одан әрі өсу әлеуеті бар компанияларға бағдарланған «Орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының инвестициялық тартымдылығын арттыру» атты қолдаудың жаңа бағытын іске қосу туралы шешім қабылдандған.
ЕҚДБ-ның Орталық Азия мен Моңғолиядағы консультациялық қызметтер бағдарламасының басшысы Симоне Зе Атанасовски бүгінде өз саласында көшбасшы болып табылатын және Қазақстанда одан әрі өсуге ниетті инвестициялық әлеуетті арттыру жобасы шеңберінде орта кәсіпорындарды қолдауға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Іс - шара барысында бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізілген. Бизнес өкілдері экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтудегі, өнеркәсіптік секторды дамытудағы және инновациялық жобаларды іске асырудағы мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өткен.







