Халықтың табысын қалай арттырамыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Президент кейінгі жылдары халықтың табысы төмендеп кеткенін алға тартып, Үкімет пен өңір әкімдеріне көрсеткіштерді жақсарту туралы нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Президент тапсырмаларын орындау бойынша жиын өткізіп, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Президент тапсырмасы: Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.
Ресми ақпарат: Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы ретінде өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте аймақта нақты жұмыстар басталды. Айталық, биыл Сыр өңірінде 30490 жаңа жұмыс орнын құру межесі белгіленіп, 6 ай ішінде 14423 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5491 тұрақты жұмыс орындары.
Аймақта инвестиция тартуға басымдылық берілуде. 2022 жылдың I жарты жылдығының қорытындысы бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы бестікке еніп, 127,7 млрд.теңгенің инвестициясы тартылды. Өңір басшысы Президент тапсырмаларының уақытылы, әрі сапалы орындалуы қажет екенін қатаң ескертіп, өзінің тұрақты бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Президент тапсырмасы: Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет.
Ресми ақпарат: Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен алқа отырысында денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғау мен эпидемиологиялық ахуал кеңінен талқыланды.
Өткен жылы өңірде 10 ананың өлімі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 ана қайтыс болды. Облыс әкімі бұл мәселеге ерекше мән беріп, тиісті шаралардың шұғыл қабылдануы қажеттігін атап, басқарма басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: «Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар!»
Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиуммдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.
Президент тапсырмасы: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан. Біздің елде де ахуал күрделене түсті. Алматы «қызыл» аймаққа қайта кіруі мүмкін. Негізгі себеп – тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал.
Ресми ақпарат: Алқа отырысында талқыланған мәселенің тағы бірі – өңірдегі эпидемиологиялық ахуал. Жыл басынан коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны 4 918-ді құраған. Өңір «Жасыл аймақта» болғанымен аталған ауруды жұқтырған адамдар санын азайту бағытында тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туындады. Аймақ басшысы коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша жауапты сала басшыларына кешенді жұмыс жүргізуді, оның ішінде вирус жұқтырған азаматтарды дер кезінде анықтап, ауруханалардағы төсек-орын мен қажетті дәрілік препараттардың қорын дайындауды тапсырды.
Ресми ақпарат көздерінің мәліметі бойынша биылғы жылдың қаңтар- наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына зер салсақ. Қызылорда облысы өңірлер арасында өнеркәсіп өнімі бойынша 17-ші (ең соңғы), өңдеу өнеркәсібі бойынша 15-ші, жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша 15-ші, пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша 11-ші, бөлшек сауда көлемі бойынша 10-шы, ауылшаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімі бойынша 8-ші, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша 6-ші, құрылыс жұмыстары көлемі бойынша 4-ші орында тұрды. 2019-шы жылы халықтың нақты қаржылық табысы 2018-бен салыстырғанда 109,4% болса, 2020-шы жылы 103,8%-ға төмен түскен. Ал, 2021-ші жылы халықтың табысы тағы төмендеп 99,9%- ды көрсеткен. Әрине, мұның түрлі-түрлі себебі бар. Айта беретіндей пандемия, құрғақшылық т.т. Алайда, пандемия мен құрғақшылық тек біздің өңірге келмегені белгілі… Қорытындысында әкім ауысты. Биылғы жылдың сәуірінің 7-сінде облыс әкімі болып тағайындалған Н.Нәлібаев келген бойда аудандарды, елді мекендерді аралады, сала мамандарымен, басшыларымен аймақтың даму жағдайына сараптама жасап, әкімнің жаңа іс-қимылын бекітті.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған облыс әкімдігінің кеңейтілген жиынында өзі: — “Былтыр инвестиция тарту көлемі бойынша облыс республика деңгейінде ең төменгі нәтижені көрсетті. Сөйте тұра қаржыландырудың барлық көздері есебінен қанша инвестиция тарту мүмкіндігін есептемей, биыл 3 есе артық көрсеткішке Меморандум жасалған. Бұл – енді ақылға қонбайтын мәселе! Қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары мәселені тек кабинет деңгейінде шешуді үйренген. Осы себепті өңірдің даму қарқыны жоқ. Жаңа жобалармен жұмыс жасалмаған. Мысалы, республикалық бюджетті нақтылау барысында Қызылорда облысы тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне небәрі 8 млрд теңгеге ғана жоба мақұлданған” — деп сынаған басшылардың біразын жаңартты. Әрқайсысы бір-бір облыс әкімі боларлық М.Жайымбетов, С.Қожаниязов, Н.Сақтағанов сияқты үкімет көрген, ел көрген білікті басшыларды командасына топтастырып, өзіне орынбасар етті.
Президент өзі төрағалық еткен үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде –“Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табыс көрсеткіші минус 2,9% болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес” деді. Әрине соңғы 2 жылдан бергі төмендеген халық табысының 2,9%-ға азайатыны да анық.
“Тұралап қалған облысқа әкім болып келген Нәлібаевқа қызықпаймыз”- деп жұрт жаханға жария салып жүргенімен Нәлібаевтің өзі туған жерінің жағдайын жақсартуға, қызылордалықтардың тұрмысын түзетуге қызығатын болса керек. Әйтпесе үкіметте отырған тыныш орнынан белшеден қарызға батқан мұнда келіп бейнетке батпас еді. Біреу білер, біреу білмес алайда Нәлібаевқа өзіне дейін билікте болғандардан 100 млрд.-тің үстінде қарыз қалды. Бұған білім, спорт, мәдениет салаларындағы келісім-шарттардағы міндеттемелері қаржымен қамтылмаған жобаларды тағы қосыңыз.
Облыс әкімінің күні кешегі есепті баяндамасына зер салсақ биылғы жылдың 1-ші жарты жылдығында 14423 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл биылғы жылы ашылуға тиісті жұмыс орындарының жартысы. Облысқа 6 айда 127,7 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, өңірлер бойынша алдыңғы 5-тікке ендік, ал қаңтар мен наурыз аралығында инвестиция тартудан 6-шы орында едік. Ілгерілеу бар.
Алда әлі де іске қосылатын жобалар, ашылатын жұмыс орындарының көздері бар.