Кәсіп ашамын дегенге мемлекет қолдау көрсетеді
Өңірде жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасы мен әлеуетінің алға жылжуына септігін тигізетін басты фактордың бірінен саналады,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Ол үшін елімізде кәсіп ашуға, сондай-ақ сүйемелдеуге арналған бағдарламалардан қаншалықты хабардармыз? Осы және кәсіпкерлік саласына қатысты басқа да сауалдар бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақовтан сұрап білген болатынбыз.
– Біржан Мүтәлұлы, бөлімге былтыр басышлыққа келдіңіз. Жалпы кәсіпкерлік саласында мол тәжірибеңіздің бар екенін білеміз. Осы салада табысты еңбек етіп келе жатқан білікті маманның бірісіз. Алғашқы сауалымызды кәсіп бастағысы келетін, бірақ көзін таппай жүрген жастарымыз бен қолға алған кәсібін дөңгелетіп алып кете алмай қиналып жүрген кәсіп иелеріне арналған қандай да бір мемлекеттік қолдау бағдарламалары турасынан сабақтасақ?
– Мемлекеттік қолдау бағдарламалары кешенді іс-шараларды қамтиды. Қолдау өзі бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, ақпараттық-консультациялық, кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары, төмен пайыздық мөлшерлемемен несие, грант беру деген секілді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге кәсібін әрі қарай өрбітуге арналған несиелеу бағдарламалары да қарастырылған. Алдымен жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беруге тоқталып өтетін болсақ, грант беру 2 бағдарлама арқылы жүзеге асырылады. Оның біріншісі «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 400 АЕК көлемінде грант беру болса, екіншісі «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа инновациялық бизнес идеяларды іске асыруға 5 млн теңге көлеміне дейін грант беру.
– Осы жерде түсінікті болу үшін, нақтылап айтып кетсеңіз. «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 400 АЕК көлеміндегі грантты кімдер ала алады?
– Грант алу жолдары мен қойылатын талаптар туралы https://business.enbek. kz/ порталынан алуға болады. Дегенмен шарттарға қысқаша тоқталып кетсем, грант алуға үміткер келесідей талаптарға сай болуы тиіс. Біріншіден, жұмыспен қамтудың мынадай санаттарының біріне жатуы керек. Тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (3 жылға дейін), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. Екіншіден, келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы: жастар (18-ден 29 жасқа дейінгі), көпбалалы тұлғалар-көпбалалы жәрдемақы алушылар (жұбайы, зайыбы), қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатын адамдар (жұбайы, зайыбы), атаулы әлеуметтік көмек алушы, аз қамтылған адамдар және олардың отбасы мүшелері, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар және қандас қолданыстағы мәртебесі бар және мүгедек адамдар жатады. Үшіншіден, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы сертификатының болуы қошталады. Төртіншіден, мәртебесін тексеру сәтінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылардан басқа (оңтүстіктен солтүстікке қарай) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы болып табылмауы қажет. Грант алу талаптары, өтініш беру, грант алу аталған портал арқылы жүргізіледі.
– Жаңа айтқаныңыздай, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясындағы 400 АЕК көлеміндегі грант қандай мақсатта беріледі?
– Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарлар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алу және де үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу мақсатына бағытталған. Ескере кетерлігі, грант тұтынушылық мақсатқа, кредиттік қарызды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
– Жаңашылдық қай салаға да керек әдіс. Ол кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіртіп, жандандырады десек қателеспейміз. Инновациялық жобаларға берілетін грант көлемі қандай соманы құрайды? Оған кімдер қатыса алады?
– «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне грант беру қарастырылған. Ол конкурстық негізде жылына бір мәрте өткізіледі. Грант көлемі 5 млн теңгеге дейін беріледі. Жобаны іске асыруға керек қаржы көлемін жоба бастамашысы өзі анықтайды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алуға үміткер өтінішін және міндетті құжаттарын «www.qoldau.kz» цифрлық порталы арқылы тапсырады. Грант алуға үміткер кәсіпкерлер келесі құжаттарды аталған цифрлық портал арқылы тіркеу керек. Құжаттарына келсек, жеке кәсіпкердің өз қолымен және мөрімен расталған өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса), «Ұлттық жоба» шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 2 жылдан аспайтын құжат (бар болса, болуы міндетті емес), берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 пайызы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды (бизнес-жобаға қатысатын ақша қаражатымен, жылжымалы, жылжымайтын мүлікпен) қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде 3-топтағы мүгедектікті қоспағанда), өтінім берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің бар екенін растайтын құжат (ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы нәтижесінде мәліметтер түспеген жағдайда), кәсіпкердің экономиканың басым секторларында қызметті жүзеге асыруы туралы мәліметтері бар дара кәсіпкерді тіркеу туралы хабарламаның көшірмесі дайындалады.
– Анық болу үшін инновациялық жобаларға берілетін грант талаптарын да айта кетсеңіз? Бұл жобаға кімдер қатыса алмайды?
– Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын тауар шығаруға немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу, жаңғырту, реконструкциялау, күрделі жөндеу), шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технология, кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу мен зерттеу жұмыстарына, жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстарға пайдалана алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысының төлемі ретінде, үлестес компаниялардан, тұлғалардан негізгі құралдарды, активтерді сатып алуға (көрсетілетін қызметтерді алуға, жұмыстарды орындауға), бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға, шанағы немесе кабинадан оқшауланған жүк платформасы бар жүктерді тасымалдауға арналған автокөлікті, сондай-ақ отандық өндірушілердің жеңіл автомобильдері мен жеңіл автокөлік құралдарын жалға алуға және прокаттауға байланысты жобаларды қоспағанда, жеңіл автокөлікті сатып алуға, өңдеуші өнеркәсіпке жататын тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі жобаларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі, ұсақ қара малды, құс, бал арасы, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы жануарларын) сатып алуға пайдалануға болмайды. Қандай кәсіпкерлерге бұл гранттар берілмейді деген сауалға жауап бере кетсем, қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған, салықтар мен мемлекеттік бюджетке, басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар, қызметінің негізгі түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып табылатын, конкурсқа қатысушының кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар, мемлекеттік гранттар беру қағидалары шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру бойынша қолдау алғандарға (оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қолданылу кезеңінде), конкурс өткізілетін өңірге сәйкес келмейтін басқа өңірде тіркелген және бизнес-жобаны іске асыруды жоспарлайтын кәсіпкерлерге гранттар берілмейді. Сонымен қатар, ескере кететін жайт, грант жеңіп алған кәсіпкердің бизнес-жобаны іске асыру мерзімі грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап 18 айдан аспайды. Егер көрсетілген іске асыру мерзімі ішінде кәсіпкер қызметін жүзеге асырмаса сатып алынған негізгі құрал өткізілген болса және бизнес-жобаны іске қосу және кейіннен іске асыру үшін ұқсас, балама құралмен ауыстырылмаса кәсіпкер грант қаражатын мемлекетке қайтаруға міндетті болып табылады. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің қаражатын тиімді әрі ұқыппен пайдалануға жауапкершілік жүктейді.
– Ауданда кәсіпкерлікті дамытуда келешекте қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдымен ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізу мақсат етіледі. Халыққа жалпақ тілде түсініктеме беріп, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының талап-шарттарымен таныстыру, олардың тиімділігін айтып жеткізу басты міндетіміз. Әрі қарай оны қалай жүзеге асыруға болады деген сұрақ-сауалдармен кәсіби тұрғыда айналысамыз. Қандай керекті құжаттар жинау керек, оған кімдер үміткер бола алады деген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!