Тауық жұмыртқасын ел аумағына алты ай мерзімге автокөлікпен әкелуге тыйым салынуы мүмкін
Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы" бұйрық жобасын әзірледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқасын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатуралық коды: 040721) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", - делінген құжатта.
Жоба Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және "Ашық НҚА" интернет-порталында 2024 жылғы 16 ақпанда жарияланып, 1 наурызға дейін талқыланады. 2024 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Министрлік жариялаған статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтарда республикада 56,5 млн бас құс саналған.
2023 жылы өндіріс көлемі 4,9 млрд дана болған. Ал 2022 жылы 5 млрд дана болған, яғни 2,8 пайызға төмендеген.
Ұлттық статистика бюросының алдын-ала дерегі бойынша, 2023 жылы экспорт 175,9 млн дана, импорт 286,9 млн дана болған. Осылайша 2023 жылы ішкі нарықтың өзіндік өндірісі есебінен қамтамасыз етілуі 98 пайызға тең болған.