Елімізде жаңа технологиямен сапалы жолдар салынады
668
Елімізде автомобиль жолдарын салуда жаңа технологиялар қолданылып жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты мәселені назарынан тыс қалдырған емес. Мәселен, өткен жылы азаматтардың жол сапасына қатысты айтып жүрген сыны орынды екенін алға тартып, сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет ететініне және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатқанына назар аударған болатын. Өткен айда Қарағанды жұртшылығымен кездеу барысында да Президент жол мәселесіне айрықша тоқталған еді.Иә, бүгінде республикадағы автомобиль жолдарының сапасы жүргізушілер тарапынан көптеген сыни пікір қалыптастырып отырғаны жасырын емес. Тіпті, жол саласын жалқаулар ғана сынамайды десек те болады. Дегенмен, салада өзгерістер де орын алып жатыр. Отандық автожолшылар да заман ағымына ілесіп, ең алдыңғы қатарлы әдістерді жол салу барысында қолдануға тырысуда. Мәселен, қазіргі уақытта автожол салу барысында асфальт-бетон қоспаларымен жобалаудың америкалық технологиясын енгізіп жатыр.
Сарапшылардың атап өтуінше, бүгінде Қазақстандағы жолдар кеңестік кезеңдегі құжаттарға (ГОСТ) негізделген нормативтер бойынша жобаланып, салынады. Бірақ уақыттың орнында тұрмайтынын және автожолдардың қызмет ету шарттары өзгеретінін, жүктеме артып, трафик пен жылдамдық режимі ұлғайып келе жатқанын түсінеміз. Саланың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі жол жобалау мен салудың халықаралық стандарттарына көшу, өндіріс мәдениетін үнемі арттыру екенін жақсы білеміз.
«Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында құрылымдық бөлімшелеріміз жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен ғана айналыспай, жол жобалау мен салу барысына жаңа технологияларды және тәсілдерді белсенді зерделеп, енгізіп жатыр», - деді Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаев.
«Superpave әдісінің артықшылығы тұтқыр заттың қасиеттеріне және оны қолданудың температуралық диапазонына негізделіп, арнайы әзірленген PG Grade шкаласы бойынша битумды тұтылғыш материалдың маркасын дәл таңдау арқылы қол жеткізіледі. Бұл тәсіл жолдардың қызмет ету мерзімін барынша ұзартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндіреді Чан Сон Шон.
Назарбаев Университетінің оқытушы, ғылыми қызметкері Айжан Қисамбинова бұл технология асфальттың ғана емес, сонымен қатар битумның сапасына қатысты мәселені шешетінін алға тартады. Өйткені, біздегі битум әлі күнге дейін ескірген ГОСТ бойынша өндіріліп келеді. Ал, Superpave заманауи полимерлерді қосу арқылы битумның өнімділігін жақсарта түседі.
«PG Grade шкаласымен битум тұтқыр затты таңдау (Қазақстанның жоғары және төмен температура бойынша картасы) табиғи жағдайлардың ерекшеліктерін, автомобиль қозғалысы кезіндегі жүктемелердің қарқындылығын, соңғы 20 жылдағы жазғы және қысқы температураның ең жоғары көрсеткіштерін қамтитын құрылыс ауданындағы сипаттамаларды талдауға негізделген. Қазіргі уақытта Superpave технологиясын енгізу бағдарламасын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Оны енгізу кезіндегі басқа елдердің тәжірибесін зерделейміз. Қазақстанның барлық өңірлерінің температуралық ерекшеліктерін ескеретін битум тұтқыр заттарды іріктеу үшін PG Grade картасын жетілдірумен айналысамыз. Ең сенімді модельді таңдау үшін АҚШ, Корея және Жапонияның есептеу модельдерін қолданамыз. Сондай-ақ, Superpave әдістемесі бойынша AASHTO америкалық стандарттардың негізгі нормативтік ережелерін ескере отырып, стандарттар әзірленетін болады», - деп толықтырады Айжан Қисамбинова.