Азық-түлік бір жылда 22,2% қымбаттады

449
Қыркүйек айында елімізде инфляция деңгейі тамызбен салыстырғанда 1,8% артты. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

Қыркүйек айында инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтерге байқалған – 2,7% (2022 жылғы тамызда – 1,6%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% (тамызда – 1,8%) қымбаттады. Бағаның артуының ең төменгі қарқыны а зық-түлік тауарларына тіркелді – 1,2% (2022ж.-1%).

Ақылы қызметтер арасында қыркүйек айында ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беруде байқалды –13,1%, білім беру қызметтері 7,1% қымбаттады.


Азық- түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы 5% көтерілді, жуу және тазалау құралдары 4,4%, жеке пайдалануға арналған тауарлар 2%, киім мен аяқ киім 1,9% қымбаттады. Отын бағасы 3%, тас көмір 2,9%, баллондағы сұйытылған газ 1,5% көтерілді.


Азық-түлік тауарларының бағасы қыркүйекте 1,2% өсті. Жұмыртқа бағасы 7,5%, күнбағыс майы 4,6%, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы 4,1%, тоқаш және ұн өнімдері 3,8%, жармалар 3,2%, кондитер өнімдері 3,1% жоғарылады. Бұл ретте, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2%, картоп 8,5%, құмшекер 5,2%, жаңа піскен жемістер 3% арзандады.


Жылдық инфляция деңгейі 17,7% құрады. 2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2% артты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 17%, ақылы қызметтер 12,3% көтерілді.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы ай сайын 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың баға өзгерісін бақылап отырады.


 «Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі», – деп түсіндірді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.


2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрайды.