Қармақшыда олжасын «Олжадан» тапқан шаруа қожалығы бар
Қармақшыда олжасын «Олжадан» тапқан шаруа қожалығы бар,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қай істе болмасын адал еңбектің алға сүйрейтіні, табысқа жеткізетіні мәлім. Еңбегімен елге сыйлы, көпке үлгі болып жүрген жандарды оқырман қауымға үлгі етуден де жалыққан емеспіз. Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылындағы сапарда өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған «Олжа» шаруа қожалығымен танысқан болатынбыз. Қожалық жұмысы мен төрағаның толымды істері туралы толығырақ баяндасақ.
Ауылдан 15 шақырым қашық¬тықта орналасқан шаруашылық басына да жеттік. Біз келеді деген хабарды естіген төраға да сол жерден табыла кетті. Ашық-жарқын қалпымен әңгіме тінін тарқатқан Болат Бөгетов осы ауданның тумасы. Кент орталығындағы №105 орта мектепте білім алған. Кейіннен политехникумда «Мұнай және газ құбырларын бұрғылау» мамандығын қызыл дипломмен аяқтаса, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің «Мұнай және газ, кен іші орнын пайдалану» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Бір уақыттарды «газет, бингоны мекеме аралап сатқан кезім де болған. Адал еңбектің ешқандай ұяты жоқ» дейді ол. Түрлі салада еңбек етіп, біршама жыл басшылық қызметтер де атқарған. 14 жыл Шымкенттегі зауыттардың бірінде облыстық филиалының директоры болса, баспасөз саласында да біршама тер төккен. Сол жылдары «Ол кім, бұл не?» деген газет шығаруға атсалысқан. Кейіннен бизнес саласына ауысып, табысты қызмет еткен. Ал шаруашылық жұмысын 2016 жылдан бастап қолға алған. Мұндағы басты мақсаты – сыртта еңбек еткеннен гөрі, туған мекенге оралып қызмет ету. Болат Әлдебайұлы бізбен әңгімелесе жүріп, ұйыққа батқан сиырының жағдайын жасап та, жанынан өтіп бара жатқанда иесін алыстан танып кісінеген жылқысымен сөйлесіп те үлгерді. Адам мен түлік арасындағы тілсіз байланыс деген осы болар. Ағамызбен әңгімеміз енді басталса да, жануарға деген жанашырлығы мол, ісіне деген сүйіспеншілігі жоғары екені аңғарылады. Алғашында асыл тұқымды жылқымен басталған шаруашылық кәсібі кейіннен ақбас сиырлар мен асыл тұқымды бұқашықтар бағумен жалғасыпты. Бүгінде шаруа қожалықта асыл тұқымды ақбас сиырлар, жылқылар бар.
«2018 жылы Оралдан 127 аналық ақбас, 5 бұқа, ал өткен жылдың наурызында Семей мен Алматы қалаларынан 120 бас аналық, 6 бұқа алып келдім. Ал жылқы Ақтөбе облысынан «мұғалжар көшім» тұқымынан әкелінген. Ерекшелігі етті, әрі сүтті. Өзге жерден, өзге климаттан келгеннен кейін оларға ерекше күтім қажет. Мынау далада жайылып жүрген ақбас сиырлар 2 жыл дегенде жерсінді. Оған дейін ауырып, қанша ем-дом жасалды. Ал былтыр әкелінген мал әлі де маман бақылауында. Себебі көзден кеткен соң малдың ауырып қалғанын біле алмаймыз. Сырттан келген мал кем дегенде бір қыс, бір жазды өткергенше бақылауда болғаны дұрыс. Өзім де көп жағдайда шаруашылық басындамын. Ауырған малға дәл өзіңдей ешкім жанашырлық таныта қоймас», – дейді қожалық төрағасы.
Мал шаруашылығы – тынымсыз жұмыс түрінің бірі. Мұнда күн, түн деп уақытпен санасу жоқтың қасы. Десе де, бұл кездескен қиындықты еңсеріп аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған ірі шаруа қожалық. Бұл уақытқа дейін аудан көлемінде жергілікті малды асылдандырумен айналысатын ірі шаруа қожалығы болмаған. Мұнан асылдандырылған бұқашықтарды аудан көлемінде ғана емес, Шиелі, Жаңақорған, Тереңөзек, Жалағаш аудандарынан шаруалар арнайы келіп алып кетуде. Ал бұл уақытқа дейін бір баспақ үшін олар Ақтөбе, Семейді аралап кететін.
«Шаруашылықпен айналысқалы бері біраз кедергілердің бар екенін аңғардым. «Малдың жайын баққан білер» демекші, осы саланың басы-қасында жүрмеген адамның мұны түсіне қоймасы анық. Осы себептен де депутат болуға бел будым. Ақпан-наурыз айларында бірнеше рет кент әкімшілігінде, аудандық мәдениет үйінде тек мал шаруасымен айналысатындарды жиып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және оған берілетін субсидиялар туралы семинар-кездесулер өткіздім. Қарапайым халық мемлекеттен берілетін субсидияның алу жолын білмейді. Бұл жағдай жұмысты алғаш бастағанда менің де басымнан өткен. Менің де қиналып, субсидия ала алмай қалған кездерім болды. Кейін осы үшін арнайы Астана қаласына барып субсидия алудың жолдары туралы білімімді арттырып, оқып келдім. Қазір өз білгенімді ауыл тұрғындарына кітаптағыдай емес, қарапайым тілмен түсіндіріп, үйретудемін. Осы уақыт ішінде де біршама адам үйреніп, субсидия алып, алғысын жаудыруда. Субсидия алу үшін аудан немесе облысқа барудың қажеті жоқ. Қазір бәрі электронды түрде ғой. Шаруашылық басында жүріп-ақ ноутбукпен бітетін дүние», – деп әңгімесін алдағы жоспармен жалғады.
«Ендігі мақсат басқа өңірден кем қылмай, осы өлкенің мал шаруашылығын көтеру. Маусым айының соңында бір сессия мал шаруашылығының мәселесін қарауға арналмақ. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. Тұрғындармен кездесіп, нақты қандай мәселе, кедергі барын тыңдадым. Алдағы сессияда депутат ретінде «Малды қалай көбейтеміз, мал шаруашылығымен айналысатан шаруаларда кездесетін қиындықтар, несие алу кезінде банк талаптарына сай болу үшін не істеу қажет, мал жайылымына арналған жердің берілуі» сынды мәселелер қаралады. Сондықтан алдағы 5 жылда ауылда мал шаруашылығын қолымнан келгенше бір жолға қойып, осы салада жүрген шаруаларға қолдау көрсету, жағдайын жасау, жалпы асыл тұқымды мал санын көбейтіп, өңір шаруашылығының дамуына септігімді тигізуді мақсат етіп отырмын», – дейді аудандық мәслихат депутаты Болат Бөгетов.
Шаруасын дөңгелетіп, ісін өрге сүйреген ел ағасының алға қойған жоспары көп. Өзге шаруа қожалықтарын аралап, ел-жер көрген соң, соларға ұқсас жаңа заманға сай сиыр, жылқы тұратын қора-жайлар да¬йындауды қолға алған, өзі тұратын мекеннің айналасын жасыл-желекке айналдырмақ мақсатта жас шыбықтар отырғызыпты. Бір қызығы фазенданың орналасқан жері үлкен атасы өмір сүрген ата қоныс екен. Барлығын дайындап, шаруа қожалықтың жұмысы жүрген соң ғана әкесін алып келгенде «бала күндегі әкемнің артынан ере жүрген жерлерім ғой» деп көңілі босапты. Иә, кең даланың ішінен таңдауының тап осы жерге түскені тек пен қанның қасиетінен болар.
Болат Әлдебайұлы малды асылдандырудан бөлек «Таңатар» шаруа қожалығына да төрағалық етеді. Мұнда тай шөп дайындалады. Бұл шөп ауыл тұрғындары мен көршілес Т.Көмекбаев ауы¬лын тиімді бағамен қамтамасыз етуде. Шаруашылықта ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған, ал маусымдық жұмыс кезінде 10-нан аса адамға нәпақа табылады. Еңбек жолында жеткен жетістіктері ел ішінде еленуде. Ауыл шаруашылығы министрінің екі рет «Құрмет» грамотасын алып, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тағынғанымен халықтың ризашылығын бәрінен қымбат көреді. Айналасындағы жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Алайда өзі жасаған жақсылығын жариялауды құп көрмеді. Десе де, ауыл әкімінен Болат Әлдебайұлының мектеп балаларын лагерьге жіберіп, ауыл ардагерлерін газетке жазып, пандемия кезінде тұрғындарды азық-түлікпен, ауыл тұрмысына бел шешіп көмектесетінін естідік.
«Егер табысқа қол жеткіземін десең, қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді аямай жұмсай білу қажет. Тек еңбек қана биікке шығарады. Сосын ата-анаңды, жасы үлкендерді сыйла. Одан кеміп кетпейсің, қайта қадірің артады. Қанша биікке шықсаң да туған жеріңді, өскен ортаңды ұмытпай, бай тарихыңды қастерлеп, ұлттық құндылықтарды, құнарлы тіл, өшпес өнер, озық салт-дәстүрді сақтай білсең ғана мақсат-мұратыңа жетесің. Әрдайым шындықты айту керек. Мәселеге үңілгенде ғана нәтижелі болады. Мемлекетте бағдарлама көп. Бірақ адамдар бағдарламаның жұмыс істеу тәсілін білмегендіктен ала алмай жатыр. Бір ғана мысал, мемлекет беріп тұрған субсидия алудың жолын білмей жүрген жан қаншама. Ең болмаса осы тұрғыдан елге пайдам тисе, перзенттік парыздың ақталғаны», – дейді Болат Әлдебайұлы.
Иә, «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп жүрген екі бірдей шаруа қожалықтың басшысы, аудандық мәслихат депутаты Болат Әлдебайұлының ұстанымы көпке үлгі боларлық. Мақсатты істерді тындыра жүріп, ел үшін еңбектенгеннің еңсесі түспесі анық. Қарапайым қалпымен, тың бастамаларымен берекелі қадамға бастаған ізденістерінің өрге жетелей беретініне кәміл сенеміз.