Қоныс аударғандарға 7 млн теңгеге дейін үй алуға қаржы бөлінеді
Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды қолдау бағдарламасы жаңартылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1625 АЕК) ұлғайтылады. Бұл қаражатты қоныс аударушылар жаңа өңірден баспана сатып алуға пайдалана алады.
"Енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың тек өңір ауыстыруына емес, жаңа жерде тұрақтап, баспаналы болып, өмірін жайлы бастауына мүмкіндік жасау", – делінген хабарламада.
Бағдарлама аясында экономикалық ұтқырлық сертификатынан бөлек, көшіп-қону шығындары субсидияланады, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі. Сондай-ақ қатысушыларға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Министрлік мәліметінше, азаматтар қоныс аудармай тұрып-ақ бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушіні таңдай алады. Ол үшін көшіп шығатын өңірлерде қабылдаушы облыстардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылардың санаты да кеңейтілмек. Бұған дейін ол негізінен жұмыссыз азаматтарға арналса, енді мемлекеттік қолдау сұранысқа ие мамандар мен шаруа және фермер қожалықтарының басшыларына да қолжетімді болады. Бағдарлама барынша цифрландырылған. Өтінім беру, қоныс аударуға болатын өңірлер картасын, сұранысқа ие мамандықтар тізімін қарап, бос жұмыс орнын таңдау қызметтерінің барлығы migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады.
Тағы да оқыңыздар







